COVID-19. Әлемдік ахуал қандай?

21 Ақпан 2021, 13:54
1876
Бөлісу:
COVID-19. Әлемдік ахуал қандай?

Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ. Әлемдік елдердің вакцинаны салдырту бойынша тәжірибесі туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК жариялады.

Австралия тұрғындарына COVID-19 қарсы вакцина егуді бастамақ. Бірінші вакцина Екінші дүниежүзілік соғысының ардагеріне жасалды. Кең ауқымды вакцинация науқаны 22 ақпанда басталады. 25 миллион халқы бар мемлекетте COVID-19-ды шамамен 29 мың адам жұқтырған, олардың 900-ден астамы қайтыс болған, 26 мыңнан астамы сауығып шыққан, - делінген хабарламада. 

Ал Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон елдің барлық ересек тұрғындарына шілде айының аяғына дейін COVID-19-қа қарсы вакцина жасату ұсынылатынын мәлімдеді.

 Үкіметтің вакцинацияны жеделдету жоспарына сәйкес мұндай ұсыныс 15 сәуірге дейін 50 жастан асқан барлық адамдарға жетеді деп болжануда. Елде вакцинация науқаны 2020 жылдың 8 желтоқсанында басталған, 17,24 миллион тұрғын вакцинаның алғашқы дозасын алса, 605 мыңға жуық адам вакцинаның екінші дозасын алған.

Сондай-ақ неміс шекарашылары 15 ақпаннан бастап, яғни елдің шекара бекеттерінде қатаң бақылау орнатылған уақыттан бастап 4 522 адамды Германияға кіргізбеген. Басты себеп, келушілердің қолында коронавирустың теріс нәтижесі көрсетілген ПТР сынағының анықтамасы болмауында болған.

Өз кезегінде Иран Иракпен шекарадағы өткізу пункттерін Ұлыбританияда табылған COVID-19-дың нұсқасының таралуына жол бермеу мақсатында жауып тастаған. Тегеран аталған мутация көрші мемлекеттен елге енген деп есептейді.

Оған қоса Ирландия Премьер-министрі Микол Мартин елде қонақүйлер мен гастрономия саласындағы кәсіпорындардың жұмысы жазға ашылмайтындығын мәлімдеді. Барлар, мейрамханалар, кафелер мен қонақүйлер соңғы 12 айдың көп бөлігінде жұмыс істемеген. 5 миллион тұрғыны бар Ирландияда COVID-19 214 мыңнан астам адамда анықталған, 4 135 адам қайтыс болған.

Швецияда COVID-19-дың Бразилиялық нұсқасын жұқтыру жағдайлары анықталған. Ел билігінің хабарлауынша, COVID-19-дың аталған мутациясы төрт адамда тіркелген. Жұқтырғандардың ешқайсысы жақын арада Бразилияға бармағандықтары анықталған. Билік жұқтыру тізбегін анықтау жұмыстарын жүргізуде.

 Бұған дейін Швецияда Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкадан табылған COVID-19-дың мутацияларын жұқтыру жағдайлары тіркелген болатын.

Өзгелердің жаңалығы