Полиция майоры: Халық бізді дос санайды

22 Маусым 2019, 13:35
5116
Бөлісу:
Полиция майоры: Халық бізді дос санайды
VIDEO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Полиция қызметкерлері күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы бойынша Полиция басқармасының учаскелік инспекторы, майор Данияр Сейілғазиннен сұқбат алдық.


Қарамағымда 2000 адам бар

BAQ.KZ: Учаскеңіздің тұрғындары жақсы тани ма?

Данияр Сейілғазин: Мен Есіл ауданында 2018 жылдан бері қызмет етіп келемін. Біздің әкімшілік учаскеде 2000 адам тұрады. Олардың бәрі мені таниды. Әр подъезде менің фотом және мен туралы ақпарат ілінген. Әр пәтерге, ПИК-ке, күзетшілерге кіріп нөмірімді, визиткамды таратам.

BAQ.KZ: Көп адам пәтер жалдап тұрады деп болжаймын. Сіздің аудан қалай - жергілікті тұрғындар көп пе, әлде жалдаушылар көп пе?

Данияр Сейілғазин: Менің әкімшілік учаскемдегі адамдардың 30 проценті өзге аймақтардан көшіп келіп, пәтер жалдап тұрып жатқандар. Олардың арасында тұрғылықты мекен-жай бойынша уақытша тіркеуге тұрмағандар да бар. Біз әр пәтерге кіріп, онда кім тұрып жатқанын анықтап, уақытша тіркеуге тұрмаған болса ескерту жасап, пәтер иелеріне хабарласып, оларды Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жібереміз.


«Пәтер жалдаушылар түнгі тыныштықты бұзады»

BAQ.KZ: «Бай» аудандардағы учаскелік полицейдің жұмысы «жұпыны» аудандағы полицейдің жұмысынан жеңіл болатыны рас па?

Данияр Сейілғазин: Мен жұмыс істейтін әкімшілік учаскеде қылмыс, заң бұзушылық жағдайлары көп болмайды. Әр үйде бейнебақылау камералары орналасқан. Паркингтерде күзетшілер бар.

BAQ.KZ: Ең жиі кездесетін әкімшілік заң бұзу қандай?

Данияр Сейілғазин: Пәтерін тәулікке жалға беретіндер бар. Пәтер жалдағандар түнде музыка дауысын қатты қойып, шулауы мүмкін. Осындай кезде көршілер тарапынан бізге шағым түседі. Түнгі кезекшілік кезінде ондай жерге әріптесім екеуміз барып, ескерту жасаймыз. ҚР Әкімшілік кодексі бойынша түнгі 11:00-ден таңғы 06:00-ге дейін тыныштық бұзуға болмайды. 437-бап бойынша түнгі тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл саламыз және ескерту жасаймыз. Ертеңінде пәтер иесін шақырып, оған да ескерту жасаймыз. Одан кейін ерлі-зайыптылар ұрысып, жанжалдасып қалған жағдайда көршілері шағымданады. Мұндай жағдайда біз жанжал болған үйге барып, әйелдің арызын алып, сол арыз бойынша 73-баппен әкімшілік сотқа жібереміз. Сондай-ақ, күйеуінен қорғау нұсқамасын шығарып, 30 тәулік бойы үйлеріне барып, жағдайы қалай екенін бақылап, түсініктеме алып отырамыз. Ерлі-зайыптылар ұрысқан кезде көршілері бей-жай қарамай, полиция қызметкерлерін шақырған дұрыс, себебі көбінесе ер адамдар әйелінің ұялы телефонын сындырып, бізге хабарласуына мүмкіндік бермей жатады. Кейде үйлеріне барған кезде «Бізде бәрі дұрыс. Бәрін өзіміз шешеміз» деп айтатын ерлі-зайыптылар болады.


«Тәртіп бұзатындар – ауыл-аймақтан келгендер»

BAQ.KZ: Қаладағы қылмыстың көбін ауылдан келгендер жасайды деген стереотип пе, әлде өмір шындығы ма?

Данияр Сейілғазин: Иә, тәртіп бұзатындардың көбі ауыл-аймақтан келген, жұмыссыз жүрген азаматтар болып жатады.

BAQ.KZ: Пәтер Иелері Кооперативтері көбіне жыл бойы жан жоқ пәтерлерге шағым жасайды. Олардың иелерімен алдын ала келісіп алуға не кедергі? Мысалы, қысқы жылу маусымына құбырдағы «ауа жіберу» үшін бір пәтерге бола барлығы қарап қалады.

Данияр Сейілғазин: Мен жауапты әкімшілік учаскеде бос тұрған пәтер жоқ деуге болады, сәйкесінше, мұндай мәселе туындаған емес.

BAQ.KZ: Тұрғындардың полицияға деген көзқарасы өзгерді ме? Полицияның қарапайым адам үшін дос саналатын кезі қашан болады деп ойлайсыз?

Данияр Сейілғазин: Бізді дос санайды деп ойлаймын, өйткені қандайда бір жағдай болғанда ең алдымен оқиға орнына біз барып, қол ұшын созамыз. Оқушы кезімнен полиция қызметкері болуды қаладым. Үлкен ағам да полиция қызметкері болған. Осы саланы таңдағаныма өкінбеймін және балаларым да осы жолды таңдаса – қолдаймын.

BAQ.KZ: Қызмет бабында жүріп қылмысты әшкерелеген кезіңіз болды ма? Мысал келтіре аласыз ба?

Данияр Сейілғазин: Иә, әкімшілік құқық бұзушылықпен қатар, қылмысты да ашатын кезіміз болады. Мысалы, биыл 8 ақпан күні менің әкімшілік учаскемде ішімдік ішіп отырған адамды көрдім. Оның қасына барып, құжатын сұраған кезде - Өзбекстан Республикасының азаматы екенін білдім. Әңгімелесу барысында оның киімінен қанның дағын байқадым. Сұрастыра келе ол жалақыны бөлісе алмауы себепті қасындағы әріптесін өлтіргенін анықтадым. Ол қасақана қылмыс жасағанын мойындады. Сөйтіп екеуміз оқиға орнына бардық. Басшыларыма хабарласып, жедел тергеу тобын шақырттым. Олар келгенше қылмыс жасаған адамның қасында болып, құқық қорғау органы қызметкерлеріне тапсырдым. Қазіргі уақытта ол адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

BAQ.KZ: Кәсіби мерекелеріңізге орай әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?

Данияр Сейілғазин: Жаздың ыстығы. қыстың суығына қарамай, күн-түн демей халыққа қызмет көрсетіп жатқан әріптестерім! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Отбасыларыңыз – аман, дендеріңіз – сау, жұмыстарыңыз – жемісті болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Өзгелердің жаңалығы