Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи елдің әскери стратегиясын айқындап, АҚШ пен Израильмен қақтығыс жағдайындағы шешімдерге ықпал етіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ CNN-ге сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, ол жарақат алғанына қарамастан, Иранның қорғаныс және әскери бағытына қатысты негізгі шешімдерге қатысып отыр. Барлау көздері оның ел ішіндегі ықпалы жоғары екенін және кейбір жағдайда келіссөз үдерісіне де әсер етуі мүмкін екенін айтады.
CNN дерегінде Моджтаба Хаменеи көпшілік алдына сирек шығатыны, байланыс құралдарын пайдаланбайтыны және тек сенімді адамдар арқылы жұмыс істейтіні айтылған.
Сонымен қатар америкалық барлау Иранның саяси жүйесінде ішкі алауыздық бар екенін, билік құрылымының күрделене түскенін атап өткен. Кейбір деректерге сәйкес, елдегі шешім қабылдау процесіне Ислам революциясы сақшылар корпусының ықпалы артып отыр.
Хабарда Моджтаба Хаменеи АҚШ-пен қақтығысты реттеуге бағытталған келіссөздердің барысына әсер етуі мүмкін екені де айтылады.