COVID-19: Қарапайым ережелерді сақтаудың өзі маңызды

29 Қазан 2020, 09:32
2118
Бөлісу:
COVID-19: Қарапайым ережелерді сақтаудың өзі маңызды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустық инфекцияның қайта өршуі сақтық шараларын күшейтуді талап етіп отыр. Осы орайда Көкшетау көпсалалы қалалық ауруханасының бас дәрігері Нариман Сыздықов өңірде атқарылып жатқан шаралар жайлы айтып берді. 

Тілші: Өңірде коронавирус індетінің таралуы бойынша жағдай тұрақталды ма? 

Нариман Сыздықов: Эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанымен, қауіптің беті біржолата қайтты деуге әлі ерте. Өңірде COVID-19 инфекциясының екінші толқыны басталып та кетті. Күн сайын бізге түскен пациенттерде коронавирусқа талдау оң нәтижені көрсетуде. Жазда көп адамдар ауырғандықтан, бұл жолы инфекция жеңіл түрде өтеді деп ойлаймын. Бізде қайталанған инфекциялар тіркелген жоқ. Демек, көп адамда иммунитет тұрақталған. Коронавирус белгілері бар пневмонияға келетін болсақ, бұл аурудың жеңіл түрі ғана тіркелді.

Тілші: COVID-19 инфекциясымен күресудің екінші толқынына дайындық қалай жүрді? 

Нариман Сыздықов: Зеренді тас жолы бойындағы облыстық фтизиопульмонология орталығы  аумағында жұқпалы аурулар орталығының ашылуымен біраз мәселе шешіледі деген үміттеміз. Ол біздің аурухананың құрылымдық бөлімшесі болады. Қазір құжаттама мәселелері шешілуде, жабдықтар, ғимарат, құжаттарды қабылдау-тапсыру актілері дайындалуда. Сонымен қатар, біз жабдықтарды сатып алуға қосымша тендер өткізетін боламыз. Орталық 200 орынға есептелген, оның 20-ы реанимациялық, онда инфекцияны емдеуге қажетті мамандар жұмыс істейді. Оның ішінде жүкті әйелдерге де көмек көрсетілетін болады. Жаңа орталық ғимаратының ерекшелігі – әр блок толығымен автономды. Бұл желдету жүйесіне және басқа да қауіпсіздік құралдарына қатысты. Жұқпалы аурулар орталығында жұмыс істейтін медицина қызметкерлері арнайы ұсынылған қонақ үй кешеніне орналастырылады. Болашақта қауіпті инфекциямен жұмыс істейтін дәрігерлердің қауіпсіздігі үшін жаңа аурухананың жанынан тұрғын үй салу жоспарда бар. 

Тілші: Қалалық аурухананың өзінде COVID-19 анықталған науқастар емделе ме? 

Нариман Сыздықов: Жаңа орталықтың ашылуымен қалалық және облыстық ауруханаларда коронавирус мәселесі күн тәртібінен түседі деп үміттенеміз. Әрине, жаздағы жағдай қайталанбаған жағдайда ғана бұл мүмкін. Өйткені жұқпалы аурулар орталықтары толып, қосымша ауруханалар ашуға тура келгені белгілі. Қазіргі күні қалалық ауруханада қосымша төсек-орын дайын. Бейінді бөлімшелердің бір бөлігі карантин немесе изолятор ретінде пайдаланылатын болады. Өйткені шұғыл көмекке мұқтаж пациенттердің қолында коронавирустық инфекцияға ПТР-тест жоқ. Ал талдау нәтижелерін тәулік бойы күту олар үшін қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан біз қабылдау бөлмесінде ПТР талдауын қабылдауға және науқастарды ауруханаға жатқызуға шешім қабылдадық. Егер тест теріс болса, пациенттер емделуді жалғастырады, егер оң болса, біз оларды облыстық фтизио-пульмонология орталығына ауыстырамыз. Алдағы уақытта олар дереу жаңа жұқпалы аурулар орталығына жіберіледі, талдау теріс болса ауруханаға ауыстырылады. 

Тілші: Жаңа инфекциялық орталық үшін дәрігерлер штаты жасақталғаны белгілі. Кадр жетіспеушілігі мәселесі қалай шешілуде? 

Нариман Сыздықов: Әрине, маман жетіспеушілігі – өзекті мәселе. Инфекцияның алғашқы өршуі кезінде инфекционистер мен анестезиолог-реаниматологтардың жетіспеушілігі үлкен проблемаға айналды. Бұл мәселені кадр резервін құру есебінен шешеміз, жас мамандар, жалпы практика дәрігерлерін инфекционистерге қайта бейіндейміз. 

Тілші: Жазда дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдарының жетіспеушілігі мәселесі өзекті болды. Қазір бұл жағдай қалай? 

Нариман Сыздықов: Біз жеке қорғаныш, дәрі-дәрмек қорын үнемі толықтырып отырамыз. Медициналық препараттар да жеткілікті. «СК Фармация» компаниясы арқылы медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алынады. Бүгінгі таңда дәрі-дәрмекпен проблема жоқ. Барлығы инфекцияның қаншалықты таралуына байланысты. 

Тілші: COVID-19 инфекциясы қанша уақытқа созылады деп ойлайсыз? 

Нариман Сыздықов: Коронавирустық инфекция циклдік сипатқа ие, аурудың өсу-төмендеу кезеңі болады. Осы кезеңдердің әрқайсысы үш-төрт аптаға созылады. Алғашқы толқында індет осындай сипат алды. Өзім де басқа медицина қызметкерлері сияқты індетке шалдықтым. Барлық қорғаныш құралдарының болғанына қарамастан, ешкім инфекциядан қауіпсіз емес. Сондықтан тұрғындарға айтарым – әлеуметтік қашықтықты сақтау, қорғаныш маскасын кию, қолды жуу, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу сияқты ережелерді сақтау өте маңызды. Осы кезеңде карантин талаптарының сақталмауы инфекцияның жаппай таралуына жол ашады.  


Өзгелердің жаңалығы