- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Чемпиондықтан Еуропаға: Уразбахтин «Қайратта» қандай жетістікке жетті?
Чемпиондықтан Еуропаға: Уразбахтин «Қайратта» қандай жетістікке жетті?
26 қазанда Рафаэль Уразбахтин «Қайраттың» бас бапкері қызметінен кетті. Оның жетекшілігімен алматылық клуб екі рет Қазақстан чемпионы атанып, алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды.
27 Қазан 2026, 18:51
Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин өз еркімен қызметінен кетті. Оның командамен жолы екі жылдан астам уақыттан кейін аяқталды. Осы кезеңде клуб ішкі чемпионатта да, еурокубокта да маңызды нәтижелерге қол жеткізді. BAQ.KZ тілшісі Уразбахтиннің «Қайраттағы» жұмысы мен жетістіктеріне шолу жасады.
Алғашқы маусымдағы чемпиондық
Рафаэль Уразбахтин «Қайраттың» негізгі командасын 2024 жылғы қыркүйектен бастап басқарды. Алғашқы маусымының қорытындысында алматылық клуб Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанды.
2025 жылы команда бұл жетістігін қайталап, ел біріншілігінде қатарынан екінші рет топ жарды. Сол жылы Уразбахтин шәкірттері Қазақстан Суперкубогын да жеңіп алды.

Осылайша, клуб екі маусым қатарынан чемпиондық атаққа қол жеткізіп, елдегі жетекші командалардың бірі екенін тағы бір мәрте көрсетті.
«Селтикті» жеңген тарихи ойын
Уразбахтиннің «Қайраттағы» кезеңін Қазақстан футболындағы маңызды оқиғалардың бірінсіз елестету қиын. 2025 жылғы 26 тамызда алматылық клуб Шотландияның «Селтик» командасын Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі плей-оффта жеңіп, турнирдің жалпы кезеңіне жолдама алды.
Қарымта кездесудің негізгі және қосымша уақытында есеп ашылмады. Ал пенальти сериясында «Қайрат» 3:2 есебімен басым түсті. Қақпашы Темірлан Анарбеков қарсыластың үш соққысын қайтарып, команданың тарихи жеңісіне үлес қосты.
Осылайша, «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шыққан Қазақстанның екінші клубы атанды. Бұған дейін 2015 жылы мұндай нәтижеге «Астана» қол жеткізген еді.
«Реал Мадрид», «Интер» және «Арсеналға» қарсы ойындар
2025/2026 жылғы маусымда «Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде Еуропаның танымал клубтарымен кездесті. Алматылықтар өз алаңында испаниялық «Реал Мадридті» қабылдап, 0:5 есебімен жеңілді. Бұл ойынды стадионда 22 788 көрермен тамашалады.

Одан бөлек, «Қайрат» Италияның «Интер» клубымен кездесіп, 1:2 есебімен ұтылды. Ал турнирдің соңғы турында Лондонның «Арсеналына» қарсы ойында 2:3 есебімен жеңіліс тапты.
Жалпы кезеңде команда сегіз матч өткізіп, бір ұпай жинады. Нәтиже турнир кестесінде жоғары орын алуға мүмкіндік бермегенімен, «Қайрат» үшін мұндай деңгейдегі клубтарға қарсы ойнау халықаралық тәжірибе жинаудың маңызды кезеңі болды.
Анарбеков пен Қалмұрзаға назар аударылды
Рафаель Уразбахтин бапкерлік еткен Чемпиондар лигасындағы кездесулерде қақпашылар Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмұрза да жанкүйерлердің назарын аударды. Анарбековтің «Селтикке» қарсы пенальти сериясындағы ойыны команданың жалпы кезеңге шығуына тікелей әсер етті.
Ал жас қақпашы Шерхан Қалмұрза да Еуропаның ең беделді клубтық турниріндегі ойындарға қатысты. Мұндай кездесулер жас футболшыларға жоғары деңгейдегі бәсекені сезініп, тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.

Дастан Сәтпаевтың шетелдік клубқа ауысуы
Уразбахтиннің «Қайратты» басқарған кезеңінде жас шабуылшы Дастан Сәтпаев та ел футболындағы ең көп талқыланған ойыншылардың біріне айналды. Ол негізгі команда сапында 2024 жылғы мамырда, 15 жасында дебют жасады. Кейін Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылып, халықаралық деңгейде де көзге түсті.
2026 жылғы 14 тамызда Англияның «Челси» клубы Сәтпаевтың командаға ресми қосылғанын хабарлады. Клуб шабуылшымен 2033 жылға дейін келісімшарт жасасып, оны 2026/2027 жылғы маусымға «Бернлиге» жалға берді. «Челсидің» дерегінше, Сәтпаев «Қайраттың» негізгі құрамында 58 матч өткізіп, 26 гол соққан.
«Клубты жаңа деңгейге көтерген бапкер»
Спорт журналисі Елдар Аманбаев өзінің Telegram-арнасында Рафаэль Уразбахтиннің «Қайраттағы» кезеңіне баға берді. Оның пікірінше, маман командаға оңай емес уақытта келіп, үлкен бапкерлік тәжірибесі болмағанына қарамастан, клубты жаңа деңгейге көтере алды.
Клубта екі жылға жуық жұмыс істеген маман үшін бұл – әбден лайықты нәтиже. Бұл жетістіктер отандық бапкерлердің де жоғары деңгейде нәтиже көрсетіп, Еуропа аренасында бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Меніңше, еурокубок турнирінің жалпы кезеңіне шығудың өзі – Қазақстан футболы үшін үлкен қадам, – деп жазды Елдар Аманбаев.
Журналист Уразбахтиннің командасы биылғы маусымда чемпиондық атағын сақтай алмағанына да тоқталды. Оның бағалауынша, бұған құрамдағы ойыншылар саны мен сапасының жеткіліксіздігі, команданы жасақтаудағы кейбір олқылықтар, тығыз ойын кестесі және футболшыларға түсетін жүктеме әсер еткен болуы мүмкін.
Аманбаевтың пікірінше, «Қайрат» пен Уразбахтиннің жолы екіге айырылғаны екі тарапқа да жаңа мақсаттар қойып, әрі қарай дамуға мүмкіндік беруі ықтимал.

Чемпиондықтан кейінгі жаңа кезең
2026 жылғы маусымда «Қайрат» Қазақстан чемпионаты титулы сақтап қала алмады. «Ақтөбемен» 2:2 есебімен тең түскеннен кейін алматылық клубтың чемпиондық атағын қорғауға математикалық мүмкіндігі қалмады. Команда маусымды күміс жүлдемен аяқтады.
Сонымен бірге «Қайрат» 2026-2027 жылғы маусымда УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды. Яғни клуб еурокубоктағы жолын жалғастырып, жаңа халықаралық міндеттерге кірісті.
2026 жылғы 26 қазанда Уразбахтин өз өтінішімен бас бапкер қызметінен кететінін мәлімдеді. Клуб басшылығы оның шешімін қабылдады. Ал команданың бас бапкер міндетін уақытша Жора Арутюнян атқарады. Ол бұған дейін «Қайрат-Жастар» командасын жаттықтырған.
Уразбахтиннің «Қайраттағы» кезеңі екі чемпиондық атақпен, Қазақстан Суперкубогымен және клуб тарихындағы алғашқы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығумен есте қалды. Ал оның командасы Еуропаның алпауыт клубтарына қарсы ойнап, қазақстандық футболшыларға халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.
Ең оқылған:
- Қазақстанда күн қайта жылынады
- Алматыда 1200-ге жуық пәтердің тұрғындары баспанасынан айырылып қалуы мүмкін
- Мемлекет басшысы Бразилия президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады
- Петропавлда үй өртеніп, шифер жарылған: полицейлер ер адамды құтқарып қалды
- Мәслихат депутаттығына кандидаттарға 700 мың теңгеге дейін қаржы беріледі
Жанерке Жәкен