"Чемпион болу - бір жылдық еңбек емес". Әлем чемпионының бапкері

14 Қараша 2023, 09:42
1346
Бөлісу:
"Чемпион болу - бір жылдық еңбек емес". Әлем чемпионының бапкері
Фото: Нұржан Жұмажан мұрағатынан.

Самбодан Ереванда өткен әлем чемпионатында Арайлым Әбенова тарихи алтынға қол жеткізді. Бабы мен бағы келіскен спортшы алғашқы сұхбатында жаттықтырушысы Нұржан Жұмажанға алғысын білдіріп, бапкерінің ерен еңбегін атап өтті. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі дзюдо, самбо күресінен спорт шебері Нұржан Жұмажанмен сұхбаттасты.

Шәкіртіңіз чемпион болды. Оны қалай жаттықтырып, қалай дайындалдыңыздар?

Арайлымның чемпион болуы бір жылдық еңбек емес. Ол кішкентайынан спортқа қызығып, өзін жастайынан шыңдап келеді. Былтыр әлем чемпионатында 3-ші орынды иеленді. Биыл барлық жарыстардың ақтық айқастарына шығып келеді. Өткен жылы өзі жеңіліп қалған ресейлік балуан қызды биыл 6:0 есебімен айқын басымдылықпен жеңіп, чемпион атанды. Шәкіртім Қазақстан тарихында қыздар арасында аса ауыр салмақтан алғашқы чемпион болды. 

Команда жалпы есепте 3-ші орынды иеленді, жалпы, құраманың дайындығы қалай болды? Осы жайлы айта кетсеңіз. 

Командалық құрам мықты болды. Құрамадағы қыз-жігіттеріміз барын салып күресті. Бұл жарысқа 65 елдің белді де беделді спортшылары қатысып, бақ сынады. Біздің елдің қоржынында екі күміс және бес қола болды. Дегенмен соңғы болып, ауыр салмақта Арайлым тарихи жеңіске қол жеткізіп, алтынның арқасында жалпы есепте 3-ші орынға табан тіредік. 

"Чемпион болу - бір жылдық еңбек емес". Әлем чемпионының бапкері

Чемпион болу үшін спортшы не істеуі қажет?

Спортшыға, ең біріншіден, темірдей тәртіп керек, жаттығуда ерінбей, өз мақсатына жетуге күш салуы қажет. Менің ойымша, табандылық танытқан әрбір адам жеңіске жетеді. Мейлі ол спорт, мәдениет, кәсіп болсын. Өз-өзіне сенімді, күші адал адамның еңбегі зая кетпейді. Жас спортшылардың барлығы алғашқы жылдары жеңіске жете бермеуі мүмкін, бірақ ол да жігер береді. Жас кездегі жалынды лаулата білген жаттықтырушы мықты спортшыны тәрбиелеп шығара алады. Ақыл мен күшті біріктіріп, әртүрлі тактикаларды ойластырған адам сол жарыста жеңіске жетеді. Спорт тек күштен тұрмайтынын естен шығармаған жөн. Сондай-ақ өзіңе лайықты қарсылас табу да бір бақыт. Сен одан жеңілсең, келесіде есе жібермей жеңуге ұмтылып, бар күшіңмен жаттығып дайындаласың. Сол себептен жас споршыларға айтарым, бір рет құласаң, жүз рет тұр. Жеңіске жетуге сенімді болсаң, өз арманыңды жүзеге асыр.

Самбо мен қазақ күресінің ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз. 

Бұл екі спорттың бір-бірінен ерекшелігі – самбо күресінде партер деген бар. Жатып күресу, отырып күресу, аяқ пен қолды ауырту әдістері. Ал қазақ күресінде тұрып күресеміз, партер, ауырту әдістері жоқ. Бірақ кейбір әдістер екеуінде де бар. Спорттың өзі түсінген адамға күрес деп айтуға болады. Дегенмен екеуінде де өзіндік ерекшеліктері бар. 

Тарихи жеңіс жайлы айта кетсеңіз. 

Самбо күресінде қыздар арасында бұған дейін чемпиондар болған. Бұл 27-ші алтын. Қыздар арасында 5-ші алтын. Дегенмен ауыр салмақта біздің қоржында алтын болмаған еді. Енді, міне, Арайлым чепмион атанып, елімізде самбо спортының тарихына енді. Арайлым бұл жеңіске өз бабында келді. Чемпион атануға бар күшін салды, өзіне сенімді болды. Дегенмен жарыста жеңіске жетіп, қобалжып, өзінің чемпион болғанына сене алмай, бақытты болып жүр. Мен Арайлым үшін қуаныштымын, болашақта одан да үлкен белестерді бағындыратын дарынды, талапты спортшы боларына сенімдімін.

Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы