Бюро мемлекеттік органдардың деректер базасына бақылауды күшейтеді

Кеше, 14:34
289
Бөлісу:
Бюро мемлекеттік органдардың деректер базасына бақылауды күшейтеді
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы әкімшілік деректердің сапасын бағалау бойынша жұмысты қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жыл басынан бері Бюро 11 әкімшілік дереккөзге (ЭМ, ЦДИАӨМ, ӘМ, ДСМ, АШМ, ІІМ ӘПК, ІІМ КҚК, ҚМ МКК, ОАМ, ҒЖБМ мен ауыл, кент әкімдіктері) қатысты 14 дерекқордың сапасын бағалау бойынша 79 іс-шара өткізді. Қашықтан бақылау іс-шараларының нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстары бар 49 қорытынды шығарылды.

Бағалау процесінде анықталған негізгі проблемалар арасында Ұлттық анықтамалық ақпарат элементтерін қолданбау, мәндерді енгізу барысында бақылаудың болмауы, тарихи деректердің дұрыс көшірілмеуі, деректерді қолмен енгізу, сондай-ақ әкімшілік деректердің сапасын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шара жоспарының болмауы сияқты себептер бар.

Тексеру барысында негізгі дерекқорлармен сәйкестендіруге немесе салыстыруға келмейтін ЖСН/БСН анықталды. Халықтың жас құрамына тән емес қалыптан тыс мәндер тіркелген. Жиі кездесетін проблемалар – таратылған кәсіпорындар, қайтыс болған адамдар немесе ескірген мекенжайлар бойынша жазбалардың қайталануы немесе уақытында өзектендірілмеуі. Сонымен қатар деректерді енгізу кезінде толтыруы міндетті жолдардың бос боп шығу жағдайлары анықталған.

Деректер негізінде денсаулық, қаржы, білім және басқа да көптеген аспекті бойынша шешім қабылданатындықтан, олар адам өміріне тікелей әсер етеді. Кез келген қате не сәйкессіздік бұрыс тұжырымға әкеп соғуы мүмкін. Соның салдарынан болатын залалды азайту үшін деректерді үнемі тексеріп, жаңартып отыру маңызды. Бұзушылықтарға жол берген және оларды белгіленген мерзім ішінде жоймаған мемлекеттік органдар 2025 жылға арналған мерзімді тексерулер жүргізу жоспарына енгізілетін болады. Бұзушылықтар қайталанған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады, – дейді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Ол әкімшілік деректердің сапасын бағалау ресми ақпараттың дұрыстығын арттыруға, статистикалық тіркелімдерді уақтылы өзектендіруге және деректердің әкімшілік көздеріне қойылатын стандарттар мен талаптардың сақталуын бақылауды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Мәселен, АШМ дерекқорында бұған дейін анықталған қателер бойынша оң динамика байқалып отыр.

Мысалы, "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру" дерекқорындағы көрсеткіштердің сәйкессіздігі 90% төмендеген.

Біз осы тектес бұзушылықтарды анықтауды және бақылау әдістерін жетілдіруді жалғастырамыз. Ұлттық статистика бюросы деректердің неғұрлым жоғары сапасын қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейтін болады, бұл мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам, – деп толықтырды М.Тұрлыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы бюроның мемлекеттік ақпараттық жүйелерінде сақталатын әкімшілік деректердің сапасын тексеру жөніндегі өкілеттігі заңнамалық деңгейде кеңейтілді. Деректердің сапасын бағалау үшін деректердің нақытылығын, өзектілігін және дұрыстығын тексеруге уәкілетті деректерді бақылаушылар институты құрылды.

Өзгелердің жаңалығы