Бюджет қаржысына салынған 3 баспанадан кемшілік анықталды

29 Мамыр 2023, 18:18
805
Бөлісу:
Бюджет қаржысына салынған 3 баспанадан кемшілік анықталды
Фото: автордан

Атырау облысында қазына қаржысына салынған 3 бірдей баспанадан кемшілік анықталды, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Әкімдік үйді қабылдамай, мердігерді сотқа берді. Ал сол нысаннан үй алуы тиіс болған көпбалалы аналар жалдамалы пәтерде сабылып жүр.

Әрқайсысы 100 пәтерден тұратын 5 қабатты 3 тұрғын үйдің басым бөлігі, яғни 225 пәтері әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарға беріледі деп жоспарланған. Бірақ әлі күнге қабылданбаған нысанға көпбалалы отбасылар қоныстана алмай жүр. Жылдар бойы кезек күтіп жүрген олар, жиналып шу шығарды.

Былтырдан бері желтоқсан деді, наурызда беріледі деді, жақсы деп күттік. Бірақ әлі жоқ. Күні кеше ТШО компаниясының 30 жылдығы болды. Соның қарсаңында қол жеткіземіз ба деп ойладық. Оған да болмады. Мысалы, менің өзімнің 5 балам бар. Бәрімізге қазіргі үйіміз тар, әрі жалдамалы. Құрылыс компаниясына 3 рет бардым, әкімдікке де бардым. Дұрыс жауап бермейді. Ең болмаса, халықты жинап жиналыс та өткізген жоқ. Мына үй өткен сайын көзімізге сүйел болып тұр. Не берілетінін, не болмайтынын айту керек қой. Біздің талабымыз сол, - дейді көпбалалы ана Гүлназ Қашабаева.

Тұрғындар базынасын айтып талай табалдырықты тоздырған. Бірақ көңіл көншітерлік жауап ала алмадық деп отыр.

Біз қазір 4 баламен 1 бөлмелі үй жалдап отырмыз. Қазір 1 бөлмелі пәтерде кім тұрады. Одан көбіне жағдайымыз жетпейді. Амал жоқ. Осы үйге кезекке тұрдық. Береді деді, берген жоқ. Әкімдікке де,  басқасына да бардық, дұрыс жауап жоқ. Бәрінің айтатыны бір сөз. Қара халықты ешкім ойламайды, - дейді тұрғындардың бірі Гүлбағда Әбдина.

Жоба құрылысы 2019 жылы бастаған. Әу баста 2021 жылы тапсырылуы тиіс болған. Елдегі эпидемиологиялық ахуал кесірінен құрылыс материалдары қымбаттап, жұмыс кешеуілдеген. Кейін түзетулер енгізілген соң, тағы шегеріліпті. Дайын болған тұрғын үйді әкімдіктегілер қабылдамай отыр. Кемшілік көп дейді. Атап айтсақ, 4 бірдей резервуар пайдаға аспайды. Басқа да қателіктер жоқ емес.

Мердігер мекеме өз міндетін дұрыс атқармаған соң, экономикалық сотқа арыз жолдадық. Кемшіліктер бар. Әу баста пандемия кесірінен созылса, кейін жобаға түзету енгізілді. 5-қабатқа су айдауға қысым жетпейтін болған соң, резервуар орнату туралы шешім қабылданды. Бірақ мердігерлер орнатқан резервуардың төртеуі де жарамсыз. Опырылып кетті. Оны қалыпқа келтіру керек. Асфальт бойынша да өзгертетін жерлер бар. Үйдің қасбетінде де жарылған жерлері бар.Оны қалпына келтіру бойынша тапсырма берілсе де, жұмыс мардымсыз жүруде. Тағы бір келіспейтін жағдай, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған подъемник бар. Сол жартылай автоматтандырылған. Ал біз оның орнына толық автоматтандырылған қойсын деп отырмыз, - дейді Жылыой аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Дархан Сәдуов.

Ал мердігер «Каспий кадрлар қауымдастығы» ЖШС өкілдері әкімдіктің тұрғын-үйді қабылдамауы дұрыс емес дейді. Сол себепті шенділерді де қарсы сотқа беріпті.

Бұл баспаналардың құрылысын өткен жылы аяқтадық. Тапсырыс беруші қосымша резервуар орнатуды сұрады.Негізі екеуі екі бөлек жоба. Үйдің өзінде су, газ, тоқ жүйесі бәрі жүргізілген. Талапқа сай. Соған қарамастан қабылдамай отыр. Біз де қарсы тарапты сотқа бердік. Себебі аударылмаған қаржы бар. Онымен қатар тапсырыс берушілер біздің сыртқы жүйелерді қабылдап алмастан, 3 тарапқа заңсыз қолданысқа беріп отыр, - деді компанияның жоба координаторы Әмірғали Сисенов.

Әкімдіктегілер мерлігер компанияға әлі 1 млрд теңгеден астам ақшаны бермеген. Резервуарларды басқа компанияға жасатамыз деп жоспарлап отыр. Оған қазынадан қосымша қаржы қаралмайды. Қолда бар ақша жететін көрінеді. Бірақ әзірге сот шешімін күтеді. Оған дейін пәтерден-пәтерге сабылған көпбалалы отбасылардың күтуден басқа амалы жоқ.

Өзгелердің жаңалығы