"Бюджет қаражатына сеніп отырады". Тоқаев әкімдерді сынады

7 Ақпан 2024, 11:22
314
Бөлісу:
"Бюджет қаражатына сеніп отырады". Тоқаев әкімдерді сынады
Фото: Ақорда

Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек. Өндіру саласындағы жобалардан түскен пайда қайтадан инвестиция ретінде экономикаға салынып жатыр. Тікелей шетел инвестициясы, негізінен, осы қаражаттың есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан, алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керегін айтып, инвестиция тартумен айналысатын штабтын міндетін атады.

Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Инвесторларға, мысалы, 50 миллион доллардан көп қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидасымен жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, жобалардың іске асырылуын қадағалайтын тиімді мониторинг жүйесін іске қосу керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Тоқаевтың сөзінше, мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізумен әуестенбеуге тиіс. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, немесе, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек.

Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал, аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады. Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады, - деп Президент әкімдердің жұмысын сынады.

Президенттің атап өткендей, аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. 

Біз жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылаймыз. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады, - деп тапсырды Мемлекет басшысы отырыста.

Өзгелердің жаңалығы