Былтырдан бері Ақтөбеде электр қуатының бағасы үш рет өсті

5 Сәуір 2024, 11:30
511
Бөлісу:
Былтырдан бері Ақтөбеде электр қуатының бағасы үш рет өсті
Фото: pixabay.com

Ақтөбе қаласындағы саяжайда тұратын тұрғындар мен облыстағы кәсіпкерлер электр қуатының қымбаттағанына байланысты наразылық танытты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысында былтыр электр қуатының бағасы екі рет көтерілген болатын. Атап айтсақ, 1 шілдеде және 1 қазанда. "Ақтөбеэнергоснаб" ЖШС тарифтердің өзгерісі туралы алдын ала хабарлап, қазан айынан бастап ақтөбеліктер әр к/Вт сағатына 37,45 теңге төлейтінін жазған-ды. Сондай-ақ бюджеттік ұйымдар жарықтың әр к/вт сағатына – 43,63 теңге, әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндіретін ұйымдар әр к/вт сағатына 28,20 теңге төлейтін болды. Ал тұрғындарға арналған орташа тариф құны 14,88 теңге болып белгіленді. 

Міне, арада көп уақыт өтпей аталған компания электр қуатының бағасын тағы да көтеріп отыр. Енді 1 наурыздан бастап тұтынушылардың бір тобы электр қуатының к/вт сағатына қосымша құн салығынсыз 46,82 теңге, бюджеттік ұйымдар 60,21 теңге, әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндіретін ұйымдар 34,64 теңге төлейтін болды. Тұрғындар үшін бүгінде орташа тариф қосымша құн салығын есептегенде 18,61 теңге болып белгіленді. Бұл облыстағы кәсіпкерлер мен Ақтөбе қаласындағы саяжайларда тұратын азаматтардың қалтасына салмақ түсіріп отыр. Себебі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қазір электр қуаты 100 пайызға өскен. Мәселен, биыл жеке адамдар үшін тариф 25 пайызға өссе, кәсіпкерлер үшін екі есеге қымбаттаған.

 "Энергосистема" мекемесі елдің ақшасына бүкіл желілерді жаңартып алды, қызмет көрсету үшін бюджеттен қаржы алып отыр. Қазір облыста бұған байланысты ешқандай талдау жасалмайды. 1 наурыздан бастап облыста жарықтың бағасы қымбаттады. Биыл ақпан айында облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті өткізген жиында бұл мәселе көтерілген боатын. Қазіргі таңда бүкіл халықтың шуламай отырғаны мекеме бағаны тұрғындарға аз ғана көтерді. Ал бизнес саласына үлкен салмақ салып отыр. Былтырдан бері мекеме электр қуатының бағасын үш рет көтеріп, 100 пайызға дейін өсірді. Бұрын кәсіпкерлер жарықтың әр киловатт сағатына 29 теңге төлесе, енді 58 теңге төлейтін болды. Наубайханасы, шаштаразы бар ауылдағы кәсіпкерлер ертең күнін көре алмайды. Жуырда Орал қаласы кәсіпкерлерімен сөйлестім, алдағы уақытта бұл жағдайға талдау жасамасақ болмайды, — дейді «Атамекен» Ақтөбе өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Арман Жылгелді.

Оның айтуынша, электр қуатының бағасы осылай көтеріле берсе, облыста нанның да бағасы қымбаттайды. Себебі наубайханалардың бәрі электр қуатын тұтынады. Қазір өңірдегі осындай өзекті мәселе уақытылы шешілмесе, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсуі мүмкін. Онсыз да қазір азық-түлік бағасы жылдан-жылға өсіп барады.

Ақтөбе қаласындағы Придорожный саяжай ұжымының тұрғыны Шахмаран Төлинаның айтуынша, наурыз айынан бастап саяжай тұрғындары электр қуатының әр к/вт сағатына 24 теңгеден төлеуге мәжбүр. Себебі саяжай аумағын өз иелігіне алған кәсіпкер тұрғындарға талап қойған.

 1 наурыздан бастап жарықтың бағасы тағы өсті. Осы айдың басында мен 4,5 мың теңге төледім. Бұрын әрі кеткенде 3000-3200 теңге төлейтін едім. Жылдан-жылға электр қуатының бағасы қымбаттап барады. Бз тұратын аумақты бір кәсіпкер өз иелігіне алған. Ол "Энергосистема" немесе "Ақтөбеэнергоснаб" мекемесіне бағынбайды. Ақшаны өзі жинап алып, содан кейін құзырлы мекемеге өткізеді. Оның айтуынша, барлық шығын, жөндеу жұмыстарына қаржы өз қалтасынан шығады екен, яғни мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмейді, — дейді саяжай тұрғыны.

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласында шамамен 400-ге жуық саяжай ұжымы бар екен. Енді есептей беріңіз, әр ұжымнан қаншама қаржы түседі? Сонда бұл қаражатты кім тексереді?

"Энергосистема" мекемесіне арыз-шағым айтсақ, олар бізді саяжай аумағына жауапты төрағаға жібереді. Төрағаға барсақ, электр қуатын беріп отырған кәсіпкерге жолдайды. Ал кәсіпкер бағаны өсіргені бір бөлек, арыз-шағым айтсаң, ренжиді. Сонда қала аумағында жарыққа кім жауап береді? — деп ашынды қала тұрғыны.

«Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС директорының міндетін атқарушы Рүстем Арыстановтың айтуынша, аталған мекеме қызметінің құрылымы, негізінен, электр станциясынан электр энергиясын сатып алуға және оны электр желілері арқылы тұтынушыға беруге бағытталған. Жуырда электр қуаты бағасының өсуі осы энергия өндіруші және таратушы ұйымдар тарифтерінің өзгеруіне сәйкес болып отыр.

Қазіргі уақытта электр энергиясын жеткізуші компания миллиардтаған шығынмен жұмыс істеп жатыр. "Ақтөбеэнергоснаб" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарифтерінің өсуі, негізінен, "ЖЭК бойынша ЕҚО" серіктестігі Бірыңғай сатып алушысынан электр энергиясын сатып алу бағасының өсуіне, электр энергиясын межелі жерге дейін тасымалдау шығындарының өсуіне байланысты. Электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығыннан басқа "ЕҚО" серіктестігіне электр қуаты нарығында жүктеме көтеруге электр қуатының дайындығын қолдау қызметтері үшін, тұтынылған энергия өндірісіне жұмсалған жүктеме бағасы бойынша төлем жүргізіледі. Осының барлығы бағаның өсуіне әкелді, — дейді Р.Арыстанов.

Ал Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысындағы департамент басшысы Ерлан Дүйсеннің айтуынша, электр қуаты бағасының қымбаттауы бірыңғай сатып алушы тарифінің ұлғаюына байланысты. Қазіргі таңда "Ақтөбеэнергоснаб" мекемесі және басқа да таратушы ұйымдар электр қуатын осы бірыңғай сатып алушыдан алады.

Қалай десек те, қазір қарапайым тұрғындарға қиын. Су тасқыны болып, қиын кезеңді бастан өткеріп отырған ақтөбеліктер үшін бұл да бір өзекті мәселе болып қалмақ. Алайда оны кім шешеді? Міне, мәселе осында!... 

Өзгелердің жаңалығы