Атырау облысы Жылыой ауданындағы Жем өзенінің деңгейі көтеріліп барады. Ағыс күшейгесін, биіктігі тәулік сайын 10 сантиметрге биіктеп жатыр. Қауіпті меже 340 сантиметр болса, өзен деңгейі қазір 250 сантиметрге жеткен. Былтыр көктемгі тасқын суынан зардап шегіп, шығынға батқан аудан халқы биылғы ағыннан да үрейлі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр қызыл судың астында қалған Құлсары қаласында 2 мыңнан астам адам зардап шекті. Үйлерді ағын шайып, нысандар қирады. Қаншама кәсіпкерлік объектілеріне зақым келді. Қиындық көрген халық биыл да дәл сондай жағдай қайталанбай ма деп жандарын шүберекке түйіп отыр. Бұл жағдай аудандағы шаруаларға да оңай соқпапты.
Өзенді бойлай бөгет орнатылған. Жайылымға су шықпай жатыр. Малымызға қиын болды. Судың бәрі бір арнамен ғана кетіп жатыр. Бұрын жайылып, сай-салаға жайылғасын білінбейтін еді. Қазір бір арнамен, бір бағытпен кетіп жатыр. Мөлшері қаншалықты көп боларын білмейміз, - дейді аудан тұрғыны Қорабай Тайшыбаев.

Әкімдіктегілер облысты қарғын судан аман алып қалу үшін жанталасып жатқандарын айтады. Дайындық жұмыстары былтыр сәуірде басталыпты. Әкімдік "Сақ инвест" компаниясымен келісімге отырған. Жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын Жем өзенінің түптереңдету жұмысын толық аяқтаған.
Ақкиізтоғай ауылынан бастап, Тұрғызба ауылынан ары қарай теңізге шығатын жерге дейін толық тереңдетіліп, жұмыстар жүргізілді. Бұл жерде ені 50 метр болатын және тереңдігі 2-2,5 метр болатындай Жем өзенінің арнасы кеңейтіліп, тереңдетілді. Сондай-ақ Құрсай каналының қалаға дейінгі бөлігін таралап, тереңдету жұмыстарын жүргіздік. Жалпы ұзындығы 46 шақырым. Соның 30 шақырымында жұмыс аяқталды. Енді тек қаланың іші ғана қалды, - дейді Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Құрсай өзегінің қаладағы бөлігінде жұмыс толық бітпегендіктен әзірге су тек Жем өзені арқылы ғана ағып жатыр. Құрсай өзегіне жауаптылар арнайы шлюздар мен қосымша екі дамбы салмақшы.
Жем өзенінің бойымен салынған бөгет бұл бірінші бөгет. Егер де одан тасыған жағдайда бізде тағы бөгеттер бар арнайы салынған. Яғни оның табаны 20 метр, үсті 6 метр болады. Әр 50 сантимерт сайын нығыздалған. Жалпы ұзындығы 65 шақырым болатын бөгет жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде қосалқы екі мердігер жұмыс жасауда. Қазіргі таңда 78 пайызы аяқталды, - дейді Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
.jpeg)
Жылыой ауданы бойынша бас-аяғы 100 шақырымдай бөгет бекітілген. Аудандағы тасқынға қарсы дайындық жұмыстарына жергілікті әкімдік 40 млрд шамасында қаржы бағыттаған. Бұл қаржының ішіне тереңдету, канал қазу, бөгет бекіту жұмыстарының бәрі кіреді.
Ал былтыр өңір басшысы Серік Шәпкенов ауданда гидробекеттер орнатуды тапсырған. Бірақ ол жұмыс толық жасалмаған.
Нақты гидробекет орнатылсын деп тапсырма берілген жерде интернет ұстамайды. Ақпарат алу қиынға соғады. Сол себепті біздер ақпаратты Ақтөбеден алып отырмыз. Сондай-ақ Ақкиізтоғайдан алып отырмыз. Сол бекеттер біз үшін жеткілікті. Ол автоматтандырылған гидробекет емес. Автоматтандырылған бекетті орнату үшін оның жобасын жасап, қаржы бөліп жасау керек. Оның бәрі қатар жүріп жатыр. Қазгидромет мамандарымен бірлесіп, белгілеп қойған жоспарымыз бар. Сосын біз өзімізге байланыс ұстамаса да, дәстүрлі қарапайым бекет орнатып қойдық. Мамандармен барып, жиі-жиі қарап отырмыз. Облыс әкімінің тапсырмасын орындадық, - дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Мұнайлы өңірде қазір ең қауіпті аудандар қатарында Қызылқоға мен Жылыой аудандары бар. Былтырғы тасқыннан облыс бойынша қанша үй, біраз тас жол мен ауылдардың кірме жолдарын су шайды. Биыл осындай қателік болмас үшін жауаптылар жанталасып жатыр. Қаланың өзінде әзірге қапшық қаптап, бөгет бекіту жұмыстары жүргізіле ма жоқ па белгісіз. Әзірге барлық күш екі ауданға бағытталуда. Жергілікті жұртқа көмектесу үшін көрші облыстардан көмек күші де жеткен. Азаматтар бөгет бекіту жұмыстарына атсалысып жатыр.
.jpeg)
Айта кетсек, Жайық суының деңгейіне әсер ететін Ресейдегі Иректі су қоймасынан бүгінге дейін секундына 201 текше метр су жіберілген болатын. Бүгіннен бастап қоймадан жіберілетін судың мөлшері бірнеше есеге кеміп, әлдеқайда азайды. Қазір секундына 15 текше метр су жіберіліп жатыр. Иректі су қоймасының өзінде 746 млн текше метр орын босаған.