Былтыр Жамбылда бюджет қаржысына 368 құрылыс жұмыстары жүргізілді

3 Ақпан 2023, 09:20
952
Бөлісу:
Былтыр Жамбылда бюджет қаржысына 368 құрылыс жұмыстары жүргізілді
Фото: Атамекен

Былтыр Жамбыл облысы аумағында мемлекет қаржысы есебінен 368 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне аймақтағы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бейсембаев айтты. 

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының 335-і іргетасынан басталған құрылыс болса, 33-і күрделі жөндеу жұмыстарына жатады. Сонымен қатар, инвесторлардың жеке қаржысына салынып жатқан 235 коммерциялық нысанның құрылысына бақылау жүргізілген.

Жалпы, бюджет есебінен құрылысы жүргізілген 368 нысанның сала бойынша бөлінісі мынадай: білім саласына 47 нысан тиесілі болса,  денсаулық сақтау саласында 35 құрылыс жүзеге асты. Әлеуметтік қорғау саласына қатысты – 2 нысанның, спорт саласында 19 нысан құрылысы жүргізілді. Мәдениет саласы – 18, тұрғын үй – 68, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым – 78, ауыз сумен қамту – 49, газбен қамту – 17 нысаннды қамтыды. Сол сияқты, жылумен қамтуға қатысты 20 нысанның құрылысы, ішкі істер, төтенше жағдайлар органдары бойынша – 11 нысанның, ауыл шаруашылығы саласында 4 нысан құрылысы жүргізілді, - деді Қайрат Әшірәліұлы.

Аталған құрылыс-монтаждау жұмыстарының 69-ына құрылыс басқармасы, 16-сына энергетика және ТҮКШ басқармасы, 283-іне аудан әкімдіктері тапсырыс берген. 368 нысанның 114-і 2022 жылы пайдалануға беріліп үлгерді, 254-і осы жылға өтпелі. 

Маманның сөзінен ұққанымыз, белгіленген тәртіппен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органдарды хабардар етпей, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу субъектiлердiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарын бұзушылыққа жатады. Сол себептен, техникалық қадағалаушылардың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органына ай сайынғы негізде нысан құрылысының жай-күйі және барысы туралы міндетті есебін ұсынбау немесе толық ұсынбау өзекті мәселеге айналған. Мәселен, 368 бюджеттік нысанның 106-сы бойынша техникалық қадағалаушылар айлық есебін мүлде бермеген, 31-інің есебі толық емес. Осыдан-ақ олардың құрылыстың жай-күйінен хабарсыз немесе орындалған жұмыстардың сапасын қарауға дайындығы төмен деген қорытынды жасауға болатын көрінеді.

Сол сияқты, заңға сәйкес авторлық қадағалаушы құрылыс барысында бекітілген жобада көзделген шешімдердің дәл орындалуын қамтамасыз етуге, белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау құжаттамасына өзгерістер енгізу жөнінде шешімдерді уақытылы қабылдауға, сонымен қатар, мердігер нұсқауды орындамаған жағдайда, бұл жөнінде тапсырыс берушінің назарына жеткізуге, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органына хабарлауға міндетті. Алайда, Сарысу ауданының 14 елді мекеніне газ құбырларын салу мен газдандыру бойынша бас мердігер «Стройгазэкспертиза» ЖШС жұмыстарды жобадан ауытқып орындағаны анықталды. Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында ешқандай негізсіз жобаларға өзгерістер жасалынып, құрылыс жұмыстарын бекітілген жобадан ауытқып орындау орын алатынын айта кету керек. Бұндай жағдайлар шатырлау жұмыстарында және инженерлік желілерді жүргізу кезінде де көптеп орын алуда, - деп атап өтті басқарма басшысы.

Т.Рысқұлов ауданы Қарақат ауылындағы №2 және Құлан ауылы Құлан атындағы орта мектептердің күрделі жөндеу нысандары бойынша – «Ерк Астана» ЖШС, Шу ауданы Төле би ауылындағы 300 орындық орта мектеп құрылысын салу бойынша «Сұңқар 2002» ЖШС негізгі құрастырмалық элементтердің өрескел бұзушылықтарына жол берген. Соған қарамастан, бүгінге дейін басқармаға авторлық қадағалаушылар немесе тапсырыс берушілер тарапынан жобаға өзгерістер енгізілгені туралы бірде-бір хат жолданбапты. 

Жалпы, техникалық және авторлық қадағалаушылардың келісім-шартқа байланысты жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмегені туралы тапсырыс беруші мекемелерден де басқармаға ақпарат түспеген. Осыған сәйкес, құрылыс жұмыстарының барлық қатысушылары – тапсырыс беруші, мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушылар өздеріне тиісті міндеттерін жауапкершілікпен атқармайтынын байқауға болады. Тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы Президент жарлығына байланысты микрокәсіпкерлік пен шағын субъектілерді жоспардан тыс тексеруге мүмкіндік шектеулі. Қазіргі кезде нысанның жай-күйі туралы тек тапсырыс берушінің, техникалық және авторлық қадағалаушының ақпараттарынан ғана хабардармыз, - деді Қайрат Бейсембаев.

Ол былтыр 99 құрылыс нысанына жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде 72 нұсқама беріліп, 248 әкімшілік іс қозғалған, 53 743 534 теңге айыппұл да салыныпты. Сонымен қатар 157 тапсырыс беруші, 43 мердігер мекеме, 15 жобалаушы мекеме, 21 техникалық қадағалаушы, 11 авторлық қадағалаушы және 1 сараптама ұйымы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Өткен жылы заңсыз құрылыстар негізінде 4 іс қозғалды.

Қайрат Әшірәліұлының айтуынша, бүгінгі күні қозғалған 4 істің 3-еуі сотпен қаралып, сот шешімімен айыппұлдар салынды, оның ішінде 1 заңсыз құрылыс бұзылды, 1-еуі сотпен қаралуда.

Реті келгенде айтуға тиіспін, арызданушы Утеповтың хатына сәйкес, Байзақ ауданындағы Тараз-Сарыкемер  автожолының бойынан іргесі қаланған кәсіпкерлік ғимараттың құрылысына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде құрылыс иесі Уристембековке Байзақ аудандық сотының шешімімен айыппұл салынды әрі кәсіпкердің өз қаражаты есебінен көлік жуу бокстары бұзылды. Сол сияқты, Тараз қаласындағы «Алатау» мөлтек ауданы №9 үйдің артындағы 1 қабатты шағын-кеңсе құрылысы бойынша сотқа материал жолданып, айыппұл салынды. Меркі ауданындағы бастырмасы бар автотұрақ құрылысының да құжаттары сотқа жолданып, айыппұл салынды. Сонымен қатар, тағы бір айта кететін жайт, мен 10 ауданды аралап, құрылыстың қатысушылары яғни, тапсырыс беруші, мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушылармен жиналыстар өткізіп қайттым. Онда әр ауданның осы сала бойынша атқарған жұмыстарын қорытындылап, жіберілген кемшіліктеріне нақты тоқталып, алдағы уақытта оған жол бермеуді тапсырдым, - деді өңірдің бас сәулетшісі.

Өзгелердің жаңалығы