Рақымшылық: Түрмеден босап, қайта қылмыс жасағандар бар

Былтыр рақымшылықпен босатылғандардың тек сегізі қайта қылмыс жасаған.

Бүгiн 2026, 11:09
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 11:09
Бүгiн 2026, 11:09
123
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов рақымшылықтың тиімділігіне қатысты бірнеше маңызды сұрақ көтерді. Ол өткен жылы Конституцияның 30 жылдығына орай жүргізілген рақымшылықтың нәтижелеріне тоқталып, босатылған азаматтардың кейінгі тағдырына қатысты статистиканы сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат ең алдымен биылғы рақымшылыққа шамамен қанша адамның ілінетінін нақтылауға тырысты. Сонымен қатар былтыр рақымшылықпен босатылғандардың қаншасы қайтадан қылмыс жасап, түрмеге түскенін және мұндай азаматтарға биыл рақымшылық қолданылуы мүмкін бе деген мәселені көтерді.

Сұраққа Ішкі істер министрінің орынбасары - Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков жауап берді.

Оның айтуынша, өткен жылғы рақымшылық аясында 15 мыңнан астам сотталған азаматқа жеңілдік жасалған. Олардың бір бөлігі жазадан толық босатылса, қалғандарының жаза мерзімі қысқартылған.

Былтырғы рақымшылық актісі бойынша шамамен 2300 адам бас бостандығынан айыру орындарынан босатылды. Солардың ішінен өкінішке қарай сегіз адам қайтадан қылмыс жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді Абай Қайырбеков.

Оның мәліметінше, биылғы рақымшылыққа да алдын ала есеп бойынша 15 мыңнан астам сотталған адам ілінуі мүмкін. Оның ішінде 5 мыңнан астамы қазір бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр. Қалғандары пробациялық бақылаудағы азаматтар.

Министрлік өкілі қайта қылмыс жасаған адамдарға биылғы рақымшылық қолданылмайтынын атап өтті.

Заң жобасының үшінші бабына сәйкес бұрын рақымшылық алып, кейін қайта қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға шектеу қойылған, – деді ол.

Өз кезегінде заң жобасының баяндамашысы Абзал Құспан рақымшылықтың қоғамға тигізетін оң әсері әлдеқайда басым екенін айтты.

Оның сөзінше, былтыр рақымшылықпен босатылғандардың арасынан қайта қылмыс жасағандардың саны өте аз.

Бар болғаны сегіз адам ғана қайта қылмыс жасады. Оның өзінде олардың әрекеттері ауыр қылмыстар санатына жатады және қылмыстың қауіпті қайталануы белгілері бар. Сондықтан мұндай адамдарға биылғы рақымшылық қолданылмайды, – деді депутат.

Абзал Құспан Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері рақымшылық 11 рет жарияланғанын еске салды. Оның айтуынша, осы кезеңдегі тәжірибе рақымшылық алған азаматтардың басым көпшілігі қалыпты өмірге оралып, қайта құқық бұзбайтынын көрсеткен.

Жалпы алғанда, рақымшылықтың теріс әсерінен гөрі оң нәтижесі әлдеқайда көп. Тәуелсіздік жылдарындағы тәжірибеге сүйенсек, рақымшылық алған азаматтардың қайта қылмыс жасау деңгейі өте төмен, – деді ол.

Наверх