Былтыр мемлекеттік бюджетке 10,7 трлн теңге салық түскен

7 Ақпан 2022, 21:16
2054
Бөлісу:
Былтыр мемлекеттік бюджетке 10,7 трлн теңге салық түскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылы мемлекеттік бюджетке 10,7 трлн теңге салық түсімдері кірістелді. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. 

Олардың айтуынша, былтыр мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 103,6% орындалған. Осылайша, жоспар бойынша 10 346,9 млрд  теңге, 377,4 млрд теңгеге асыра орындаумен 10 724,3 млрд теңге түскен. 

Сондай-ақ 2020 жылмен салыстырғанда 25,3% немесе 2 163,1 млрд теңгеге өскен. Оның ішінде, республикалық бюджет 102,1% орындалды. Жоспар бойынша 6 913,8 млрд теңге, 144,1 млрд  теңгеге асыра орындаумен 7 057,9 млрд  теңге түсті. Былтырғы жылмен салыстырғанда 26,6% немесе 1 482,1 млрд. теңгеге өскен.

Жергілікті бюджет 106,8% орындалды. 

2020 жылмен салыстырғанда республикалық бюджетке түсімдер өсімінің ең көп сомасы мұнайға салынатын корпоративті табыс салығы бойынша 533,7 млрд  теңгеге немесе 34,2%, экспорттық кеден баждары бойынша 441,0 млрд. теңгеге немесе 1,8 есе, ЕАЭО елдерінен импортқа қосылған құн салығы бойынша 235,8 млрд. теңгеге немесе 34,7%, үшінші елдерден импортқа ҚҚС бойынша 149,3 млрд. теңгеге немесе 23,1% және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша 116,8 млрд. теңгеге немесе 35,1% байқалады, - деп атап өтті комитеттің баспасөз қызметі. 

Түсімдердің өсуіне мынадай факторлар әсер еткен. 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда негізгі экспорттық позицияларға бағаның өсуі байқалады.  

Оның ішінде мұнайға 68,7%, мысқа 50,8%, алюминийге 44,2%, мырышқа 32,2%, күміске 22,5%, қорғасынға 20,4% және алтынға 1,7%-ға артқан. Мұнайға салынатын кедендік әкету бажының мөлшерлемесі 69,2%-ға өсті. Сонымен қатар үшінші елдермен тауар айналымы 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 14,1%-ке артты, - деді ведомствода. 

Өзгелердің жаңалығы