Былтыр Маңғыстау облысында 36 балабақша ашылды

20 Ақпан 2019, 20:45
1585
Бөлісу:
Былтыр Маңғыстау облысында 36 балабақша ашылды

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Жаңадан салынған мектепке дейінгі білім мекемелері 3 241 орындық. Нәтижесінде, 3 пен 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету көрсеткіші 97,2% жетті.

Сонымен қатар, өткен жылы облыс аумағында 6 300 орындық тоғыз мектеп пайдалануға берілді. Студенттер үшін 210 орындық жатақхана қолданысқа қосылды. Осы жылдың соңына дейін 460 орындық тағы екі жатақхана салу күн тәртібіне қойылған.

Аймақ әкімі Ералы Тоғжановтың халыққа есептік кездесуінде былтыр Ақтауда облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Жаңаөзенде 250 орындық гемодиализ орталығының пайдалануға берілгені де сөз болды.

«Спортсүйер көпшілік үшін жағымды жаңалық - биыл жеке инвестиция есебінен 11 спорт нысаны салынып бітеді. Нәтижесінде 225 000 адамның үнемі спортпен шұғылдануына мүмкіндік беріледі. Өткен жылы өлке бойынша 7 спорт нысаны ашылған еді» - деді облыс басшысы.

Әкімнің мәлімдеуінше, мәдениет саласында да нақты іс-шаралар жүзеге асуда. 2018 жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында республикалық деңгейде «Амал» мерекесі мен «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұрасын зерттеу» экспедициясы ұйымдастырылды.

Қысқа мерзімде 15 шағын аудандағы жаңа жағалауда амфитеатр салынды. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Мифтер» алаңы ашылды. Қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбаевқа және Қазақ КСР халық әртісі Нұрмұхан Жантөринге ескерткіш орнатылды.

Биылғы жылы да айтулы мәдени іс-шараларды өткізу күн тәртібінде тұр. Атап кетсек, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы кең көлемде атап өтіледі. Сондай-ақ көрнекті қоғам қайраткері есімімен Ақтауда мұражай ашылады деп жоспарланған.

Томирис Әділ
Өзгелердің жаңалығы