Былтыр СҚО-да 26 мыңға жуық тұрғынның салықтық өсімпұлы кешірілген

18 Ақпан 2021, 07:38
960
Бөлісу:
Былтыр СҚО-да 26 мыңға жуық тұрғынның салықтық өсімпұлы кешірілген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен жылы 26 мыңға жуық солтүстікқазақстандықтың жер, мүлік және көлік салығына қатысты өсімпұлы кешірілген. Бұл жайлы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды аймақтың муниципалдық телеарнасы.

Еске сала кетейік, былтыр елімізде Президент пәрменіне сәйкес жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасалды.

Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы қарызын жыл соңына дейін өтеген 26 мыңға жуық адамның 50 млн теңгеден астам өсімпұлы кешірілген. Нәтижесінде мемлекет қазынасына 393 млн теңге кіріс түскен. Бұл бастама екі жаққа да тиімді болды дейді мамандар. Сондай-ақ әлі 8 мың тұрғын жеке көлік құралы үшін салық төлемеген. Оны сәуірдің 1-іне дейін өтеу қажет екен. Бұл уақыттан кешіктірілген жағдайда өсімпұл қосылады. Ал жер және мүлік салығын төлеу мерзімі – қазанның 1-іне дейін.

Мемлекет алдындағы салықтық қарыздың көлемін білу үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтына кіріп, жеке ақпарды енгізу қажет. Кейін жеке шоттың көшірмесін ала аласыз. Одан бөлек, былтыр «e-Salyq Azamat» атты мобильді қосымша іске қосылған болатын. Оның көмегімен мүлік және жер салықтарын бірыңғай төлеммен өтеуге мүмкіндік бар, – деді СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Наталья Некрасова.

 


Өзгелердің жаңалығы