Былтыр 126 млрд теңгеге 480 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылды

25 Сәуір 2022, 10:51
1523
Бөлісу:
Былтыр 126 млрд теңгеге 480 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылы 126 млрд теңгеге 480 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылды. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі​ Әлібек Қуантыров баяндады.

2021 жылы «Ауыл – Ел бесігін» жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 126,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1 000-нан астам жоба жүзеге асырылып, 480 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылды, - деді министр.

Оның сөзінше, жергілікті атқарушы органдары «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен қамтылған ауылдарға инвестиция тартудың тиімділігіне талдау жасады.

Мысалы, 2019-2020 жылдары Павлодар облысының Ертіс ауданында жобамен 2 ауыл қамтылды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 7 жобаны жүзеге асыру үшін ауылдарға 2,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылды. Осылайша, 1 бюджеттік теңгеге 5 теңге инвестиция тартылғанын көріп отырмыз. Ал Қызылжар, Северное ауылдарында арақатынас 1-ден 7-ге дейін құрады, - деп айтты Әлібек Қуантыров.

Министрдің мәліметінше, «Ауыл – Ел бесігі» бойынша жұмыстар жүргізілген Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Қазанқа, Саржансай, Жайсаң, Сарыжар ауылдарында 2021 жылы 50 жобаны жүзеге асыруға 5,7 млрд теңге инвестиция тартылды.

Өзгелердің жаңалығы