БҰҰ: Орталық Азия климат өзгерісінің алдыңғы шебінде тұр

БҰҰ өкілі өңірде су тапшылығы мен экожүйелер дағдарысы күшейгенін айтты

Бүгiн 2026, 13:37
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 13:37
Бүгiн 2026, 13:37
183
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа Астанада өтіп жатқан RES 2026 саммитінде Орталық Азиядағы климаттық өзгерістердің қарқыны артып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ли Цзюньхуа 2030 тұрақты даму күн тәртібі аясындағы міндеттердің орындалу барысына тоқталып, әлем әлі де белгіленген мақсаттардан артта қалып отырғанын айтты.

Бүгінде әлемде 700 миллионнан астам адам кедейлікте өмір сүреді, 3 миллиардтан астам адам қауіпсіз ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал шамамен 1 миллион түр жойылып кету қаупінде тұр, - деді Ли Цзюньхуа.

Оның айтуынша, қаржыландыру тапшылығы да тұрақты даму мақсаттарына жетуге кедергі келтіріп отыр.

БҰҰ өкілі Орталық Азиядағы жағдайға ерекше назар аударды.

Өңір климаттық өзгерістердің алдыңғы шебінде тұр. Мұнда температура жаһандық орташа көрсеткіштен жылдамырақ өсуде, көлдер тартылып, экожүйелер ұзақ мерзімді дағдарысқа ұшырап отыр, - деді ол.

Сонымен қатар бұл үрдістер азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың тұрмыс-тіршілігіне кері әсер ететінін атап өтті.

Ли Цзюньхуа өңір елдерінің ынтымақтастығын оң бағалады.

Орталық Азия тек осал аймақ емес, сонымен қатар ынтымақтастық арқылы нақты нәтижелер көрсетіп отырған өңір, - деді ол.

Оның пікірінше, 2030 жылға дейінгі мақсаттарға жету үшін климаттық қаржыландыруды кеңейтіп, жаңартылатын энергияға көшу қарқынын жеделдету қажет.

Сондай-ақ «жасыл» технологияларға қолжетімділікті арттыру және халықаралық ынтымақтастықты күшейту маңызды екені айтылды.

БҰҰ өкілі Қазақстанда ашылатын БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі өңірлік орталығы өңір үшін маңызды бастама екенін атап өтті.

Бұл орталық тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға серпін береді, - деді ол.

Ли Цзюньхуа су мәселесіне де ерекше тоқталды.

Су - тек ресурс емес, ол барлық жаһандық мәселені байланыстыратын негізгі фактор, - деді БҰҰ өкілі.

Осыған байланысты ол халықаралық су ұйымын құру бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Наверх