БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

27 Наурыз 2021, 10:31
3788
Бөлісу:
БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның Ливандағы бітімгершілік миссиясы қазақстандық және үндістандық бітімгерлерді бірлесіп өрістету туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін басталды. 2018 жылдан осы уақытқа дейін «Ливандағы БҰҰ-ның Уақытша күштері» миссиясының құрамында қызмет атқаруға бес бітімгерлер тобы барды. Олардың қатарында БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер Сәулет Қалдашов та болды. Сәулет Қалдашов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы – Қазақстан Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының аға офицері, медицина қызметінің подполковнигі, медицина ғылымының магистрі. Бүгін ел тарихына сүбелі үлес қосып, БҰҰ миссиясын абыроймен атқарып келген алғашқы дәрігермен сұхбаттасудың орайы келіпті. 


«Әскери дәрігер» боламын деген ой бірден келмеді 
Тілші: «БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери дәрігер» дегенді естігенде кеудемізді мақтаныш кернейді. Халық өз батырларын біле отырсын. Осы орайда өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

Сәулет Қалдашов: Мен 1978 жылдың 15 тамызында Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылында көпбалалы жанұяда дүниеге келдім. Анамыздан алтау дүниеге келдік. Үйде екінші баламын.

«Әскери дәрігер» боламын деген ой бірден келді десем артық болар. Осы жолға келуіме белгілі бір жайттар әсер етті. Әскери адам болмас бұрын, қалай дәрігер болғаным жайлы айтып берейін.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Әкем барлық баласының аттарын «ЕСІМДЕР» деген кітапқа қарап, ниет қылып қойған екен. Әкемнің қойған есімдері шынымен де ерекше. Мысалы ағамның аты Қабілет, мен Сәулет, інім – Дәулет. Өз басым осы уақытқа дейін өзіммен аттас адамдарды 2-ақ рет кездестірдім. Менің есімім - «архитектура», «әдемі ғимарат», яғни әдемілігімен көз тартатын ғимараттар салу өнері дегенді білдіреді. Демек менің құрылысшы болуым әбден ықтимал еді. Өйткені балалық шағымда ағам екеуіміз құм мен саз топырақты сумен араластырып, оған қамыс үгінділерін қосып, ауылдағы үйлердің пішініндей үйлер жасайтынбыз.

Енді бір кезде қолыма әртүрлі қалам мен сурет дәптерін алып, табиғатқа шығып, оңашада сурет салуға әуестенген кездерім болды. Ал ойын балалары шекісіп қалған уақытта, би-болыс болған ата-бабаларым сияқты ортаға араша түсіп, екі жақты татуластырып, дау-дамай туындаса, соның шешімін тапқан кездерім болды. Ол кездері заңгер болуды армандайтын едім.

Әкем Мұқарап Қалдашев мал дәрігері қызметімен қоса, Кеңестік партия ұйымдарының белсенді мүшесі ретінде басшылық қызметтер атқарып, ауданға сыйлы және белгілі азамат болған. Анам Ажаркүл Балғабаева ағылшын тілі мұғалімі, ауданның бірқатар мектебінде ұлағатты ұстаз болып, құрметті зейнетке шыққан.

Балалық шағымда әкемнің төрт түліктің ем-домын жасап, тән ауруына араша болып жүргенін көріп, осы іске қызығушылығым оянды. Алматыдағы қазақ-түрік лицейіне түсіп, медицина сыныбына қабылдануым, менің ойымды түбегейлі өзгертіп, медицина саласын таңдауыма себеп болды. Сөйтіп сәулетші болудың орнына, дәрігер болып кеттім.

Дәрігерлікке алғаш қадамым, осы лицейдің биология және химия пәнін тереңдетіп оқыту сыныбына оқуға түсуімнен басталды. 8-сыныпты бітірген кезім болатын, ойланбаған жерден, жазда мектеп каникулы кезінде мектеп басшысы Дәмегүл апай үйге телефон соғып, Алматыдағы қазақ-түрік лицейі Қызылорда облысы бойынша әр ауданнан үздік оқитын екі оқушыдан таңдап, конкурс жариялап жатыр, соған балаңызды талапкер ретінде жіберсек деп ата-анама өтініш білдіріпті. Ата-анам келісім беріп, бағымды сынап, осы мектепке келіп түстім. Әрі қарай медицинаның қара шаңырағы Алматыдағы С.Ж.Асфендияров атындағы медициналық университеттің «емдеу ісі» факультетіне түсіп, медицинаның жан-жақты қыр-сырын үйреніп, үздік студент ретінде әскери кафедраға қабылдандым.

Кеңес Одағы кезінде Ауғанстандағы әскери қақтығыстарға, бертін келе тәжік-ауған шекарасындағы қазақстандық контингент құрамында әскери қызметте болған әскери-дәрігер офицерлерден тәлім алып, біртіндеп әскери медицинаға қызығушылығым пайда болды.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Университетті «хирургия» мамандығымен тәмамдаған соң, үлкен ғалым-оқытушыларым университет қабырғасында қалып, хирургия кафедраларында сабақ беріп, ғылыммен айналысуыма бірнеше ұсыныс жасады. Ол кездері мен өз жатақханамның студенттік кеңесінің төрағасы, өз тобымның «старостасы» болып, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген кезім болатын. Бірақ алдымен тәжірибе, сосын ғылымға келемін деген оймен, осы алған білімімді, дағдыларым мен машықтарымды әскери медицина саласында қолданып көрсем деген ниетпен әскери кафедра оқытушылары мен әкемнің кеңесін тыңдап, Қарулы Күштер қатарына қосылдым.

Бітімгерлер бастарын қатерге, кеуделерін оққа тігіп, БҰҰ қабылдаған шешімінің талаптарын орындайды
БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер
Тілші: Қазақстанның жаһандық маңызы бар бітімгершілік бастамасы жөнінде біреу білсе, біреу білмейді. Жалпы бітімгершілік миссиясы дегеніміз не?

Сәулет Қалдашов: Көпшіліктің көкейінде жүрген сауал болар. Түсіндіріп өтейін, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссиясы 1948 жылы 29 мамырында құрылған. Оған Израиль мен араб мемлекеттері арасындағы қақтығыстар және оған сәйкес келісілген бітімнің сақталуына халықаралық бақылау түрткі болған екен.

БҰҰ бітімгершілік миссиясының негізгі мақсаты - әлемдегі қақтығыстар мен жанжалдар болып жатқан аймақтарда бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін қатердің алдын алу немесе оны жою бойынша қабылданған экономикалық және саяси шаралардың нәтижесі тиімсіз болған кезінде соғысушы елдерді ажырату. Яғни оларды бір үстел басына отырғызып, олардың талаптарын ескере отырып, ортақ мәмілеге келтіру. Сондай-ақ ол аймақтарда бейбітшілік пен келісім орнату, атыстар, заңсыз іс-әрекеттер мен адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларды болдырмау, халықаралық заң талаптарының бұзылуын тоқтату. Бұдан бөлек соғыстар мен жанжалдардан кейінгі жаңа бейбітшілік орнаған жердегі халыққа жан-жақты қолдау, соғыстан кейінгі елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық қалпына келуіне қажет шараларды атқару. 

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Осы мақсаттардың жүзеге асырылуы үшін БҰҰ-на мүше елдер БҰҰ шешіміне сәйкес, өздерінің Қарулы Күштеріне тиесілі әскери және полиция қызметкерлерін, яғни бір сөзбен айтқанда «бітімгершілік күштерін» «көгілдір дулыға» мен «көгілдір берет» кигізіп (бітімгершілер символы – ред.), әлемдегі жанжалдар, соғыстар мен кикілжіңдер пайда болған елдерге бағыттайды. Өз кезегінде олар бастарын қатерге, кеуделерін оққа тігіп, БҰҰ-ның қабылдаған шешімінің талаптарын орындаумен айналысады.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

БҰҰ бітімгершілік күштерінің ол аймақтардағы қажет санын құру, құрамын анықтау, оны пайдалану және қаржыландыру туралы шешімдерді 15 мүшеден тұратын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдайды. Олардың бесеуі тұрақты - Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Қытай.

БҰҰ осындай игі мақсаттарға қол жеткізу үшін әлем бойынша 71 миссия құрды. Оның 16 миссиясы бүгінгі таңда өз мақсатына жету жолында жұмыс атқаруда.

Бітімгершілік операцияларын жүргізген жылдар ішінде БҰҰ-ға мүше 130-дан астам ел өз әскери және полиция қызметкерлерін және азаматтық қызметкерлерін ұсынды.

1988 жылы бітімгершілік операцияларын жүргізу кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі күштері Нобель сыйлығымен марапатталды. Осы мақсаттарды жүзеге асыру кезінде 1 млн-нан астам әскери қызметші, полиция және бейбіт тұрғын БҰҰ туы астында қызмет етіп, оның біршамасы жыл сайын адамзат жолында құрбан болып жатыр. Қаза болған бітімгершілердің ерен еңбегін елеу және оларды еске алу мақсатында БҰҰ оларды арнайы медальдармен марапаттайды.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

БҰҰ Бас Ассамблеясы 2003 жылдан бастап 29 мамырды Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бітімгершілер күні деп белгіледі.

Қазір бейбітшілікті қолдау жөніндегі бітімгершілік операциялары тек бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау ғана емес, сонымен қатар бейбітшілік бұзылған елдердегі саяси процеске жәрдемдесу, бейбіт тұрғындарды қорғауға бағытталады. Сонымен қоса бұрынғы соғысқа қатысқан жауынгерлерді демобилизациялауға және оларды қоғамға қайтадан бейімдеуге жәрдемдесу, адам құқықтарын қорғау және құқық үстемдігін қалпына келтіруге көмектесу мақсатында жүргізіледі.


Ливанда медициналық қызметпен толық қамтылмаған халық біз сияқты көмекке келген шетелдік дәрігерлерге жүгініп, арқа сүйеді
Тілші: Бұл жерде сіздің миссияңыз қандай болды? Қандай қызмет атқардыңыз?

Сәулет Қалдашов: Қазақстан 2018 жылдың қазан айынан бастап тұңғыш рет өз әскери контингентін әлемдік бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі міндеттемелерін орындау мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы «Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша Күштері (United Nations Interim Forces in Lebanon)» деп аталатын бітімгершілік миссиясына жібере бастады. Әскерилер Оңтүстік Шығыс Ливан, Маржауин ауданы, Израиль және Сириямен шекаралас таулы аймаққа орналасты.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Мен 2019 жылдың мамыры мен қараша айлары аралығында осы миссияның құрамында «Үндістан-Қазақ» батальонының тыл бөлімінде офицер, әрі дәрігер ретінде бітімгершілік қызметімді атқарып келдім. 

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Тыл жөніндегі офицер ретіндегі негізгі міндетім - қазақ ротасының жеке құрамын материалдық-техникалық қамтамасыз ету болды. Яғни оларды уақтылы, сапалы және үздіксіз ауызсумен, азық-түлікпен, киім-кешекпен, керекті жиһаз және инженерлік жабдықтармен, көлікпен қамтамасыз етуге жауапты болдым. Оған қоса қажетті медициналық көмекті ұйымдастырып отырдым. Сондай-ақ маған офицерлер мен сержанттардың өмір сүрулері және күнделікті бітімгершілік қызметтерін сапалы атқарулары үшін барынша қолайлы жағдай жасау міндеті жүктелді.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Ал әскери-дәрігер ретінде бітімгершілік операциялар аумағында әскери қызметкерлерге және жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетіп жүрдім. Ауылдық жерлерге барып, ем-домға мұқтаж ливандықтарды емдедім. Ливанда халық медициналық қызметпен толық қамтылмаған. Сондықтан жергілікті халық көбінесе біз сияқты көмекке келген шетелдік дәрігерлерге жүгініп, арқа сүйеп, сенім білдіреді.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Жұмыс барысында осы аймаққа шетелдерден келіп жайғастырылған әртүрлі деңгейдегі БҰҰ госпитальдарын араладым. Жұмыс барысында госпитальдардың құрылымдарымен, жалпы емдеу-профилактикалық жұмыстарының ұйымдастырылуымен, ондағы медициналық құрылғыларымен, олардың жабдықталу ерекшеліктерімен таныстым. Алған білімім, тәжірибем мен машықтарым болашақ әскери госпиталімізді дайындауда және БҰҰ миссиясына жіберуде қажет болатыны және септігін тигізетіні анық.


Біздің еліміз әлемде бейбіт өмірді сақтау мақсатында  өз міндеттемелерін сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеді
Тілші: Қазақстан БҰҰ бітімгерлік әскеріне Орталық Азиядан әскер жіберіп отырған жалғыз мемлекет деген рас па? 

Сәулет Қалдашов: Иә, дұрыс айтасыз. Әлемдік тұрақтылық және бейбіт өмірді сақтау мен нығайтуда сүбелі үлес қосып, әлемдік деңгейдегі бітімгерші және делдал деген атаққа лайық болған біздің еліміз өз міндеттемелерін сөзбен ғана емес, ендігі жерде іспен дәлелдеу мақсатында 2018 жылы Елбасымыз, ел тарихында алғаш рет Таяу Шығыстағы Ливан Республикасындағы «Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша Күштері» деп аталатын бітімгершілік миссиясына 120 әскери қызметшіден тұратын Қазақ бітімгершілік ротасын жіберу туралы шешім қабылдады. Осы тұста біздің еліміз Үндістан мемлекетімен келісім жасасты. Нәтижесінде қазақ ротасы үндістандық әскерилермен бірге бітімгершілік қызмет атқаруға көшті. Бұл өз кезегінде еліміздің бітімгершілік әлеуетін нығайту үшін жасалған алғашқы және маңызды қадам болды.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Бұдан бөлек 2007 жылдан бері 40-қа жуық қазақстандық әскери қызметші, оның ішінде 4 әйел БҰҰ-ның Африка континентіндегі Кот-д’Ивуар, Батыс Сахара елдерінде, сонымен қатар Ливандағы миссияларында штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысып жүр.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Қазір Ливандағы өз жауапкершілік аймағында әскери міндеттерін қазақстандық бітімгерлер ротасының бесінші құрамы атқарып жатыр. 

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Осы бағытта еліміздің бітімгершілік әлеуетін кеңейту және Қазақстанның әлемдік бейбітшілік ұстанымына беріктігін әрі қарай дәлелдеу үшін Қазақстан саперлердің, әскери медицина қызметкерлерінің, барлау және әскери полицияның арнайы бөлімшелерін БҰҰ «бітімгершілік әлеуетінің дайындық жүйесіндегі міндеттер желісіне» ұсынуда.


Әскери ортада «сенімді тылың – жұбайың» деген сөз бар
Тілші: Бітімгершілік миссиясын атқару барысында жыл сайын бірнеше әскери құрбан болып жатыр деп айтып өттіңіз. Сіздің отбасыңыз осындай оқыс сапарға аттанып, бітімгершілік миссиясында қызмет ететініңіз жайлы естігенде қандай күйде болды? Қарсы болмады ма?

Сәулет Қалдашов: Өзіңіз білесіз, әскери адам көп жағдайда әскери қызметтің ерекшелігіне байланысты бір гарнизоннан екінші гарнизонға, қаладан қалаға үнемі көшіп жүретіндіктен, оның жанұясы қасында бірге болып, әскери қызметтің «ыстығы мен суығына» бірге көніп, ауыртпашылықтарын бірге бөлісіп отырады.

Әскери ортада «сенімді тылың – жұбайың» деген сөз бар. Сондықтан менің жұбайым мен отбасы мүшелерім менің әрбір шешіміме оңтайлы қарап, үнемі қолдау білдіріп отырады.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясына бармас бұрын, осы бағытта ұйымдастырылған бірнеше дайындыққа қатысып, арнайы тағылымдамадан өттім. Алғашқыда бірнеше жыл бойы елдегі және шет елдердегі БҰҰ, ШЫҰ, Еуропадағы Ынтымақтастық және Қауіпсіздік Ұйымы, Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымы аясында өткізілген әртүрлі оқу-жаттығуларға, семинарлар мен конференцияларға оқып-үйренуші ретінде қатыстым, кейін дәріс беруші және нұсқаушы ретінде шақырылдым.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Осы жұмыстарымнан алған әсерлеріммен үнемі жанұяммен бөлісіп отырғандықтан, олар да менімен бірге «БҰҰ, оның бітімгершілік операциялары, оның әлемдік бейбітшілікті сақтаудағы рөлі» жайлы толық мағлұмат алып, оның қаншалықты маңызды екендігін түсіне бастады. 

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Осылайша менің жанұям менімен бірге сырттай тәжірибе жинақтады. Ал өзімді сынауға сын сағаттар туып, осы бағытта алған білімім мен машықтарымды Ливан елінде көрсетуіме тура келгенде, жақындарым менімен келісіп, барып келуіме қарсылық танытпады.


Елін тастап қашқан босқын, үйсіз-күйсіз халық, аш балаларды көріп, «бейбітшілік» және «тұрақтылық» деген сөздердің қадір-қасиетін ұғынасың 
Тілші: Бітімгерлік қызметіңізден қандай тәжірибе жинақтадыңыз? Қандай жетістікке жеттіңіз?

Сәулет Қалдашов: Жетістігімнен бұрын, алдымен алған өмірлік тәжірибем туралы айтқым келеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, БҰҰ бітімгершілік миссиялары әлемдегі қақтығыстар мен жанжалдар болып жатқан аймақтарда бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін қатердің алдын алуға, ондағы мыңдаған, миллиондаған жапа шеккен халықтың мұң-мұқтажын қанағаттандыруға және әл-ауқатын түзеуге бағытталғандықтан, бітімгер болған әрбір адам – ол әлемнің елшісі болды деген сөз. Мен соғыстан кейін әлі оңала алмай, артта мешелдеп тұрған елді, ондағы БҰҰ-ның күшімен келген өте «нәзік тыныштықты», халық болашағының бұлыңғыр екенінің куәсі болдым. Оған қоса Сирия мен Палестинадан мәжбүр болып елін тастап келген босқындардың өмірін, олардың үйсіз-күйсіз күйлерін, әсіресе балаларының тойып тамақ ішпей, жылы киініп, мамық жастыққа ұйықтамай жүргендерін көріп, «Отан Ана», «Бейбітшілік», «Тұрақтылық», «Ауызбіршілік пен ынтымақ», «Бірлік пен келісім» деген қасиетті ұғымдардың мағыналары мен қадір-қасиетінің шексіз екендігін ұғынып, барлық күш-жігерді бейбітшілікті қорғауға бағыттау қажеттігін түсіндім. Оны әрбір қазақстандыққа жеткізіп, тарихи жолмен қалыптасқан еліміздегі көпұлтты және көпконфессиялы халқымызбен ауызбіршілікте, ынтымақта, бірлікте, түсіністік пен келісімде болып, тұғыры биік, жасампаз, келешегі айқын, дамуы жедел, болашағы кемел «Мәңгілік ел» жасауды барлығымыз баянды мақсатымыз етсек деймін.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Миссия осылайша адамның дүниетанымын өзгертеді екен. Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларындағы жұмыс – өз алдына қанағаттанушылық әкелетін еңбек. Мұнда әралуандық бар. Өзіңді адамзат үшін, оның болашағы жолына арнап, сол жолда қажеттілігіңді сезініп, аз да болса көмек тигізсем екен деген сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімде боласың.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Миссиядағы жұмыс бізге жаңа тәжірибе алуға және өзімізге жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді. Осындай бітімгершілік миссияларға қатысу барысында біздің әскери қызметшілердің дипломатиялық дағдылары қалыптасты. Өз саласы бойынша шетелдік әріптестерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе алмасып, іс жүзінде өз білімдері мен дағдыларын қолдануға мүмкіндік алады. Оған қоса әскери шеберліктерін шыңдап, армиямыздың әскери рухы мен даңқын арттырады.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Елге оралған соң, менің осы адамзат үшін атқарған кішкене еңбегімді елеп, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысуымды ұсынып, нәтижесінде жеңімпаз болдым. Бұл жеңіс, жоғарыда айтқанымдай, менің алдыма қойған мақсатымды, яғни «еліміздегі бейбітшіліктің, келісім мен тұрақтылықтың» қаншалықты өзекті және маңызды екенін Сіздер арқылыьхалқыма жеткізуіме себепкер болды. Бұл мен үшін үлкен жетістік деп білемін. Мен бұл туралы айтудан жалықпаймын. Бұл болашақ елін сүйетін, қазақстандық патриоттарды тәрбиелеуде өз үлесін тигізері сөзсіз. Менің және әріптестерімнің атқарып жүрген бітімгершілік қызметі еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделін арттыруда үлкен септігін тигізуде. Сонымен қатар 2020 жылдың қыркүйегінде «Халық алғысы» медалімен наградталдым.


2019 жылдың қазанында халық Үкіметке қарсы ереуілге шықты
Тілші: Ливандағы қызметіңіз барысында қандай қиындыққа тап болдыңыз? Не дегенмен сұрапыл соғыс, дау-жанжал болып жатқан жерге аттандыңыз. Миссияңызды атқару барысында бастан кешкен оқыс оқиғаңызбен бөліссеңіз?

Сәулет Қалдашов: Бейбіт өмірдің құнын терең түсіну үшін, оның қадір-қасиетін ұғындыратын жағдайды бастан кешіру қажет емес. Қазіргі геожаһандану, интеграциялану, ғылыми-техникалық прогресс заманында бәсекелесу тым күшейіп, менменсіну мен алдыға шығуға ұмтылудың арты жанжалға және соғыстың басталуына әкеп соқтыруда. Осыны күнделікті өмірде естіп те, көріп те жатырмыз. Сондықтан жоғарыда айтып өткенімдей, тыныштық пен тұрақтылықты, бейбітшілігіміз бен ынтымағымызды көзіміздің қарашығындай сақтай білейік.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Осы ретте басымнан өткен бір оқиғамен бөлісейін. 2019 жылдың қазанында халық Үкіметке қарсы ереуілге шықты. Арты үлкен қақтығыстарға, саяси және әлеуметтік ахуалдың мүлдем құлдырауына әкеліп соқты. Көшеге күні-түні толассыз халық жиналып, арты айқай-шуға ұласты. Ашуға булыққан халық біз жүретін жолдарды бөгеп, өрт қойды. Ол жерлерге келген Ливанның тұрақты әскері мен полиция жасақтарының айтқан талаптарын тыңдамады. Қарулы адамдар оқ атып, жағдай тұрақсыз бола бастады. Осы әрекеттер БҰҰ-ның «көк каскалы» бітімгерші әскердің күнделікті миссиясын атқаруына кедергі келтіріп, өмірлеріне қауіп төндіре бастады. Жолдар жабылғандықтан, уақтылы шекараны патрульдеу, ондағы болып жатқан жағдайды бақылау жұмыстарын атқару қиынға соқты. Біздің әскерилеріміз орналасқан аймаққа күнделікті азық-түлік пен су жеткізуге мүмкіндік болмады. Біздің «ҮндістанҚазақ» батальонының штабы орналасқан база мен біздің әскерилер базасының арақашықтығы біршама жер болатын. Біздің тағам мен су таситын көліктердің жолы жоғарыда аталған ереуілдеушілер тұрған және олар тосқауыл жасап бекітіп тастаған жерлер арқылы өтетіндіктен, көліктеріміз 2-3 күн бойы өте алмай қалды. 

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Менің атқаратын қызметімнің бір бөлігі тыл офицері, яғни әскерилерді азық-түлікпен және сумен қамтамасыз ету болғандықтан, сол жердегі ереуіл топпен, жергілікті халық арасындағы беделді тұлғалармен дипломатиялық жолмен әңгімелесуге бел будық. Оларға БҰҰ бітімгершілері ретінде мақсатымыздың оң екеніне көздерін жеткізуіміз керек болды. Сөйтіп әскери қызметшілерімізге қажетті тағам мен суды апаруды шештік. 

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Бұған дейін қыркүйекте үлкен алпауыт елдердің араласуымен Таяу Шығыстағы онсыз да нашар жағдай ушығып, Израиль тарапы Сирия елін қашықтықтан атқылауды бастаған еді. Салдарынан Ливан-Израиль арақатынасы шиеленісе түсті. Израильдің Сирияға атқан снарядтары біздің бақылайтын шекара аймағымызға да әлсін-әлсін түсіп жататын.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Миссия барысында «ҮндістанҚазақ» батальоны жұмылдыру бөлімінің кестесіне сәйкес, офицерлер жеңіл көлікпен 3-4 сағатқа шолу жасайтынбыз. Маршрутымыз - Ливанның Израиль мемлекетімен шекарасындағы БҰҰ-ның уақытша белгілеген «көгілдір сызығы» бойы. Күнделікті миссиямыз сол мандаттың сақталуын тексеру және бақылау болды. Бірде мен патрульдеу тобының басшысы ретінде кезекті маршрутымды алып, дайындығымды жасап, қоластыма берілген әскер тобымен нұсқау жүргізіп, патрульге енді шығуға айналғанымда, басшылық мені басқа офицермен ауыстырып, келесі күнге тағайындады. Сол-ақ екен, шекарадан хабар жетті. Осы патрульдеу тобы, яғни мен баруым керек болған топ шекараға барған мезетте Израильдің Сирияға атқылаған снарядтары сол аумаққа түскен екен. Жарылғыш заттардан сақтану мақсатында топ дереу бағытын өзгертіп, жақын маңдағы қауіпсіз базаға жетіп амалдапты. Ертесіне патрульге шыққанымда күнделікті біз жүретін жолдардың өртке оранып жатқанын көрдім.


Үлкен есімге ие болу үшін, бірінші - ісіңмен дәлелде, ал сөзің кейін жүрсін
Тілші: 2019 жылы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы болдыңыз. Жоба жеңімпазы болу қандай екен?
Сәулет Қалдашов: Миссияда жүргенімде осы жобаға қатысуыма отандық интернет-порталға газетке берген сұхбатым себеп болды.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Портал басшысынан жобаға қатысу туралы ұсыныс түсіп, ол өз кезегінде Қорғаныс министрлігінің басшылығынан қолдау тауып, жобаға қатысып, жеңімпаз атандым.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Бұл жобада жеңімпаз атану мен үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені өз саламнан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болу мені қолдайтын қоғамымның едәуір екендігін сезіндірді. Екіншіден мен үшін бұл үлкен жауапкершілік. Бұл жеңіс арқылы алдымда мені үлкен жеңістерге бағыттайтын шыңдардың және белестердің тұрғанын аңғардым. Өз кезегінде жеңіс тұғырынан көріну жұмысымды бұдан да жоғары деңгейде жалғастыруыма шабыт сыйлап, «елім үшін» аянбай қызмет ету жолымда келешекке деген үлкен мақсаттарға жетеледі.

Елбасымызбен ұсынылған бұл жобаның берері көп және мағынасы да терең. Жоба өскелең ұрпаққа, жеткіншек жастарымызға үлкен серпініс береді. Отанын шынайы сүйетін, өз елінің гүлденуін, көркеюін және мәңгілік болуын қалайтын еңбексүйгіш және Отансүйгіш буын тәрбиелеуге септігін тигізеді.

Ата-бабамыз аңсаған тұғыры биік «Мәңгілік Ел» - осындай жүздеген, мыңдаған, миллиондаған қазақстандық ақылды, парасатты, еңбексүйгіш, нағыз патриот азаматтардың нақты есімдерімен қалыптасады, өрлейді және жаһанданады. Осындай жоба арқылы елге көрініп, өз істеріне қуат алып, еліміздің гүлденуіне жан-жақты атсалысатын тұлғалар бізге қажет.

БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери-дәрігер

Есім деген бұл терең ұғым. Латынша афоризм былай дейді: «NOMEN EST NUMEN!», қазақша мағынасы «Есім өзін-өзі айғақтайды», орыс тілінде «Имя говорит само за себя» деген мағынаны береді. Бұл тұрғыда бірде менің ағамның айтқаны бар, «Айналайын, үлкен есімге ие болу үшін, бірінші - ісіңмен дәлелде, ал сөзің кейін жүрсін» дейтін. Осыған сәйкес, менің де өмірлік ұстанымым бар, ол – халықтың баласы болу. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Яғни өзімді халқыма арнау, елім мен жерімді, тілім мен ділімді сүю, Отаныма қасық қаным қалғанша қызмет ету, халқымның ауызбіршілікте және ынтымақта болуына себепкер болу.

Тілші: Сұхбатыңызға рахмет! 
PS: Бітімгер деген ұғымның мағынасы терең, мақсаты асқақ. Бұндай міндет әркімге жүктеле бермейді. Тек таңдаулы адамдар ғана әлем елшісі бола алады. Бүгінгі біздің кейіпкер - Сәулет Мұқарапұлымен сұхбат барысында оның білікті дәрігер, Отансүйгіш әскери қызметші ретіндегі қызметінен бөлек, өз халқына да, қиындыққа тап болған шет ел жұртына да жанашырлық танытып, қол ұшын беріп жүрген жүрегі кең адам екенін бірден аңғаруға болады. Қазақстандық әскери-дәрігердің жүріп-өткен жолы, оның отанына деген сүйіспеншілігі, еліміздегі «бейбітшілік пен келісімді» қадір тұтуы болашақ жастарға, өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Өзгелердің жаңалығы