БҰҰ Бас хатшысы В. Зеленскиймен кездесті

29 Сәуір 2022, 08:51
1391
Бөлісу:
БҰҰ Бас хатшысы В. Зеленскиймен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Мәскеуден кейін Киевке барды. Онда Антониу Гутерриш Украина президентімен кездесті. Бас хатшы Украина қазір жан төзгісіз оқиғалар мен қайғы-қасіреттің нақ ортасында тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ Гутерриш Біріккен Ұлттар Ұйымы бейбітшілік орнату үшін барын салатынын жеткізді. Ол Украинада адам құқықтарының аяқ асты тапталғанына және тіпті соғыс жүргізу ережелерінің өрескел бұзылғанынан куә болғанын айтты.

Қазір Украинада Біріккен Ұлттар Ұйымының 1400 қызметкері жұмыс істеп жатыр. Олар 9 жедел әрекет ету орталықтарында және 30 бекетте орналасқан. Халықаралық қауымдастық осы сәтке дейін Украина ішінде 3 млн 400 мың тұрғынға гуманитарлық көмек көрсетті. Тамыз айының аяғына дейін бұл сан 2 есе артып, 8 млн 700 мың адамға жетуі керек. Жыл соңына дейін гуманитарлық көмекке мұқтаж кісілер саны 25 млн-ға жуықтауы мүмкін. Бұл соғыс тез арада тоқтатылып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес бейбітшілік салтанат құруы тиіс, – деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Украина президенті өз кезегінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Мариуполь қаласының «Азовсталь» зауытында қоршауда тұрған сарбаздар мен бейбіт тұрғындарды аман-есен құтқаруға көмектесер деген сенімін жеткізді. 

Сондай-ақ Владимир Зеленский Украинаның оңтүстік-шығыс аймақтарында Ресей түрткі болған референдумдарды ешқашан заңды деп мойындамайтынын ескертті.

Мұндай жалған референдумдар көбеюі мүмкін. Өкінішке қарай, соғыс басталған кездегі жағдайға, Қырым мәселесіне қарасақ, іс жүзінде не болып жатқанын көріп, көңіл құлазиды. Бірақ Украина да, бүкіл өркениетті әлем де мұндай референдумдарды мойындамайды, – деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Өзгелердің жаңалығы