Бүлдіршіндердің тілін дамытатын эко-ойыншықтар: Тараздық педагогтер бірегей жоба ұсынды

 ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен 5 Қыркүйек 2026, 15:45
5 Қыркүйек 2026, 15:45
112
Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Тараз қаласындағы қалалық білім бөлімінің бастамасымен бүлдіршіндердің тілін дамытып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін эко-ойыншықтар мен әдістемелік жинақтар шығарылды. Бүгінде бұл авторлық жоба республика көлеміне танылып отыр. BAQ.KZ тілшісі ерекше өнімдер мен олардың маңызы туралы арнайы фоторепортаж ұсынады.

Аталған ойыншықтар Астана қаласында өтіп жатқан Жамбыл облысының «Асқақ рухты Әулиеата» атты көрме-жәрмеңкесі аясында таныстырылды. Көрмеге келушілер әсіресе ағаштан жасалған, қазақы ою-өрнектері бар дамытушы ойыншықтарға үлкен қызығушылық танытты. 

©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Қазір мектеп жасына дейінгі балалардың, әсіресе сөйлеу тілінде кешеуілдеуі бар және ерекше білім беруді қажет ететін балалардың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Тараз қаласындағы тәжірибелі педагогтер мен әдіскерлер бірегей авторлық ойындар топтамасын дүниеге әкелді.

©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен
©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Бұл жоба 2024 жылы жүзеге асқан 5 шағын жобаның («Біз кішкентай жұлдызбыз», «Жас техниктер» «Жасыл ел – жасыл балабақша», «Кел ойнайық, балақай», «Асыл мұра») аясында дамытылып, 200-ден астам жұмысқа ресми авторлық құқық алынды. Қазір бұл өнімдерді «Oina Toys» атты шағын цех халықтың сатып алу қабілетіне сай қолжетімді бағамен жасап шығаруға жәрдемдесіп жатыр.

©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Әрбір әзірленген ойын мен әдістемелік құралдың заңды патенті мен авторлық куәлігі рәсімделген. Бұл зияткерлік меншік авторлардың еңбегін қорғап қана қоймай, олардың сапасы мен бірегейлігіне кепілдік береді.

©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Бүгінде Тараз қаласындағы барлық мектепке дейінгі ұйымдар бұл тәжірибеден хабардар. Сондай-ақ бұл әдістемелік материалдар мен ойындар «Ерте даму институтының» ресми сайтындағы «1000 ойын» платформасында жарияланып, кеңінен насихатталуда.

©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен
©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Тараз қаласы білім бөлімінің мектепке дейінгі бөлімі әдіскері Гүлфайруз Естаеваның сөзінше, жалпы қалада 224 балабақша бар, оның 74-і мемлекеттік, 150-і жекеменшік. Қазір осы балабақшалардың барлығында осы элементтерді алып қолданғандар бар. Тіпті бұл тәжірибемен қызыққан басқа өңірлер – Атырау, Ақтау және Астана қалаларынан да келіп, өз жұмыстарында қолданып жатыр.

©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Жоба авторларының айтуынша, бұл идея балалардың заттық-дамытушы ортасын сапасыз, шетелдік пластик ойыншықтардан тазартып, қазақы ұлттық құндылықтармен байыту қажеттілігінен туындаған.

Экспортпен келетін ойыншықтардың түстері мен сипаты кейде балаларды шатастырып жатады. Ал біздің ойындар баланың санасына дұрыс түсінік қалыптастырады, әрі ерте жастан ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге көмектеседі, – деді идея авторларының бірі Дариға Рамазанова.

Ойыншықтардың барлығын таза ағаш өнімдерінен жасалады. Ол – жеңіл әрі экологиялық таза материал.

©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен
©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Әдіскерлердің сөзінше, ұлттық нақыштағы бұл ойындардың әрқайсысы баланың логикасын, ұсақ моторикасын және екі жарты шарының жұмысын дамытуға бағытталған.

Тараз қаласы, №17 бөбекжай бақшасының әдіскері Меруерт Ахметқызының айтуынша, бұл ойыншықтардың барлығы авторлық патенттелген және әрбір әдістемелік кітапшада QR-код көрсетілген. Бұл ата-аналардың үйде баласымен бірге ойнап үйренуіне үлкен көмек береді. 

Қазіргі балалардың көбі телефонға тәуелді, соның салдарынан сөйлеу тілі кешігіп дамиды. Ал бұл ойындар баланы екі қолымен жұмыс жасауға мәжбүрлейді. Нейрожаттығулар арқылы баланың ми жұмысы жақсарып, сөйлеу қабілеті дамиды, – деді Меруерт Қожайбаева.

Бүгінде қолда бар шағын цехтың мүмкіндігі шектеулі. Авторлар бұл игі бастаманы республикалық деңгейге көтеруге мүдделі. Жоба жетекшілері отандық өндірісті ұлғайтып, сапалы эко-ойыншықтарды барлық өңірге жеткізу үшін сенімді инвесторлармен және кәсіпкерлермен серіктестік орнатуға толық дайын екенін жеткізді.

Наверх