Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Мұсабаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жол мәселесі уақытында шешімін таппай жатқанын айтып, депуттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол құрылысы саласын реформалау және 1 қыркүйектегі Жолдауында автожол құрылысына 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту туралы тапсырма берген болатын.
Қазіргі таңда Атырау-Астрахань, Ақтөбе-Қандағаш, Қарағанды-Балхаш, Талдықорған-Қалбатау-Өскемен, сол сияқты басқа да көптеген жоба Үкімет және мемлекеттік органдар тарапынан уақытында шешімі табылмай, бюрократияға жол беріліп жұмсалған қаржылардың жерге көміліп, жұмыстардың аяқталмауына байланысты қаражаттың зая кеткенін айқын көріп отырмыз, - деді ол.
Мердігер компаниялардың айтуынша:
- жүк тасымалдағыш вагондардың жетіспеушілігі;
- құрылыс материалдарының тапшылығы;
- битум жетіспеушілігі;
- қаражат, қымбатшылық және инфляция;
- Үкімет пен мемлекеттік органдар бірнеше рет өткізген кеңестерінен оң нәтиженің шықпағанын тілге тиек етуде.
Біржағынан мердігер компаниялардың вагон жетіспеуіне не болмаса инфляция жөніндегі уәждері дүрыс. Бұл Үкімет айналысатын мәселе. Сапасыз салынған жолдардың жағдайы біздегі коррупциямен салғырттықтың және талапсыздықтың салдарынан болып отыр. 2022 жылдың 8 айында республика жолдарында 9 430 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның нәтижесінде 1 480 адам қаза тауып, 12 400 адам жарақат алған. Бұл цифр жылдан жылға өсіп отыр, деді депутат.
Депутат жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны Қарағанды, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында басқа өңірлермен салыстырғанда өте жоғары екенін айтты.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің жалпы ұзындығы 2 787 шақырым. Оның ішінде I-ші категория - 1931, II-ші категория - 856 шақырым. Ағымдағы жылдың 8 айында аталған дәлізде 317 жол көлік оқиғасынан 147 адам қаза тауып, 560 адам жарақат алған. Қаражат тапшылығынан және аралық жөндеу мерзімдерін сақтамағандықтан осындай жағдай орын алып отыр. Қазіргі таңда, елімізде автомобиль жолдарының инфрақұрылымын талапқа сәйкестендіру үшін жер үсті және жер асты өткелдері мен көпірлерден бөлек, 1 000 000 км астам жолға жол таңбалары, 25 000 астам жол белгілері, 13 000 жуық сигнал бағаналары, 514 бағдаршам, 5000 км жолға жарықтандыру және т.б. реттеу құралдары қажет, - деді Мұсабаев.
Осы көрсетілген мәселелерге байланысты:
- Мемлекет басшысының берілген тапсырмалары қашан іске асырылмақ?
- Еліміздің батыс өңірінде жүк вагондары мәселесі, битум тапшылығы және жоба құнының түзету мәселелері қашан шешілмек?
- Автомобиль жолдарының инфрақұрылымы қашан талапқа сәйкестендірілмек?
- Сіздің тікелей бақылауыңыздағы жол-көлік құрылыс жұмыстарының осындай жағдайға жетуіне және ел Президентінің тапсырмаларының орындалмауына не себеп?
Осы сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймыз, - деді депутат.