Астанада әлеуметтік желіде тараған аудиожазбаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жазбадағы дауыс елорда мәслихаты депутаттығына кандидат Владислав Сергеевке тиесілі деген болжам тараған. Алайда кандидат бұл мәлімдемені жоққа шығарып, полицияға арыз түсірген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, интернетте көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Астана қаласының тұрғынының арызы негізінде онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады, – деп хабарлады ведомстводан.
Полиция өкілдері азаматтарды жалған ақпарат таратпауға шақырып, мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Кандидат не дейді?
Владислав Сергеев Instagram парақшасында видеоүндеу жариялап, тараған аудиожазбадағы дауыс өзіне тиесілі емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі жазба – жала және шындыққа жанаспайды.
Threads желісінде жала, толықтай жалған ақпарат жарияланды. Аудиожазбадағы дауыс менің дауысым емес. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Мен Нұра аудандық полиция бөліміне барып, арыз жаздым, – деді ол.
Кандидат бұл жағдайды сайлауалды бәсекемен байланыстыруы мүмкін екенін де айтты. Сонымен қатар өзі өскен оңтүстік-шығыс аудан тұрғындарын құрметтейтінін атап өтті.
Бұған дейінгі мәлімдемесінде Владислав Сергеев аудиожазба жасанды интеллект көмегімен әзірленуі мүмкін екенін де жоққа шығармаған. Сондай-ақ тергеу аясында телефонын тексеруге беруге дайын екенін жеткізген.
Әзірге аудиожазбаның шынайылығы мен ондағы дауыстың кімге тиесілі екені анықталған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде ер адамның Астананың оңтүстік-шығыс ауданындағы тұрғындарды балағаттап сөйлеген аудиожазбасы жарияланған болатын.
Әлеуметтік желі қолданушылары ондағы дауыс мәслихат депутаттығына кандидат Владислав Сергеевке тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтқан. Кейін бұл жазба әлеуметтік желіден өшірілді.