Бүгінгі күннің батырлары. Адам жанының арашасы

1 Қараша 2024, 10:32
227
Бөлісу:
Бүгінгі күннің батырлары. Адам жанының арашасы
Фото: автордан

Науқаспен немесе қиын жағдайға тап болған адаммен жаны бір дәрігерлердің қоғамымыздағы ролі мен еңбегі өлшеусіз екені белгілі. Арамыздағы мыңдаған ақ халатты адам жанының арашасы атанып, тынымсыз қызмет етіп келеді. Сондай жандардың бірі – Владимир Малыхин. Владимир Малыхан 31 жылын медицина саласына, жедел-жәрдем қызметіне арнады. Ал соңғы жылдары азаматтық қорғаныс қызметі, нақтырақ айтқанда, апаттар медицинасы орталығында абыройлы ісін жалғастыруда. BAQ.KZ агенттігінің тілшісі батырлықты талап ететін мамандық иесін әңгімеге тартып, бірнеше сұрақ қойған еді.

- Негізгі қызметіңіз бен міндетіңізге тоқталып өтсеңіз. Әдетте, қандай жағдайда шақырту алып, шұғыл түрде оқиға орнына жету керек?

- Апаттар медицинасы саласындағы жұмысым барысында аймақтағы техногендік апаттар, жол-көлік апаттары, өрттер мен өзге де оқыс оқиғалардың ортасында жүреміз. Кәсіби маман ретінде оқиға орнына шұғыл жетумен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмек көрсетуге міндеттімін. Біздің бригада, әрине, шақырту түскен соң апат немесе өрт орнына жетеді. Кейін өзіміздің тікелей міндеттерімізге кірісеміз. Осындай жағдайда оқиға орнында жұмыс істеп жатқан өзге сала қызметкерлерімен қоян-қолтық әрекет ету маңызды. Әрқайсымыздың жұмысымыз бөлек болғанмен, мақсат – ортақ. Ол – адамның өмірі үшін күресу.

Бүгінгі күннің батырлары. Адам жанының арашасы

- Владимир Иванович, еңбек жолында жүздеген апат орнында қызмет еткеніңіз анық. Осы мамандыққа тән қандай қасиеттерді атап өтер едіңіз?

- Жауапкершілік пен шұғыл әрекет ете білу дәл осы мамандық иесін ерекшелейтін қасиеттер болса керек. Орталықта жұмыс істеуге шақырту алғанда ойланбастан келдім. Міндеттерім жедел-жәрдем қызметіне ұқсас. Ең бастысы, ұжымым жақсы, әрдайым көмек көрсетуге әзір тұрады. Әр әріптесім өз ісінің шебері десем, артық айтпағандық болар.

- Әдетте қандай шақырту алып жатасыз?

- Бригада жұмысының негізгі бағыттары қала аумағындағы төтенше жағдайлар. Техногенді апаттар, жарылыстар, қауіпті заттардың ағып кетуі, ірі жол-көлік оқиғалары, өрттерге жиі шығып тұрамыз. Зардап шеккен халыққа көмек көрсетеміз. Өрт сөндірушілердің жұмысы қауіпті ғой. Сондықтан әріптестеріміздің жанынан табылып жатамыз. Шідерті және Қалқаман ауылдарының жанында трассалық медициналық бекеттеріміз бар. Пункттегі қызметкерлер тас жол бойында зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетеді. Ауырып қалған жүргізушілер мен жолаушылар да біздің қамқорлығымызда.

- Ең күрделі шақыртулардың қатарына қандай оқиғаларды жатқызар едіңіз?

- Әрине, жол апаттары кезіндегі запдап шеккен адамдардың көп болуы. Нақтырақ айтқанда, медициналық іріктеу жасау өте қиын. Бұл – аса жауапты және қиын жұмыс. Біз санаулы минуттардың ішінде науқастарды бірнеше топқа бөліп үлгеру керекпіз. Көп жағдайда әйелдер, жүкті әйелдер мен балаларға басымдық берілсе, осындай кезде заң басқа. Зардап шеккендерді денсаулық жағдайына қарай бөлеміз. Осындай мезетте жүйке жүйеміз мықты болғаны абзал. Себебі науқастар шошынған жағдайда өз әрекеттерін бақыламауы мүмкін. Әрқайсысы көмек сұрайды. Мамандар бірінші кезекте шұғыл көмекті қажет ететіндерді ауруханаға жеткізеді. Бұны «қызыл топ» деп атаймыз. Ал қалғандары біршама уақыт күте тұруға жағдайы барлар деп есептеледі. Аяғы сынып қалған бала болса да, оны «жасыл» немесе «сары» топқа жатқызамыз. Өйткені күте тұра алады. Есеңгіреп қалған жолаушылардың жағдайы бір бөлек. Ол үшін батырлық та, батылдық да керек. Абырой болғанда, бригадамыздың құрамында кәсіби психолог бар. Бұл мамансыз жұмысымыз әлдеқайда күрделі болар еді.

- Сіз үшін психолог маманның маңыздылығы қандай?

- Психолог жұмысымызды жеңілдетеді. Мамандар шошып қалған азаматтарға психологиялық көмек көрсетеді. Көңілін көтеріп, тыныштандырады. Біздің тобымызда құтқарушылар да бар. Себебі апат кезінде көлік ішінде аяқ-қолын сындырып, темір тұлпардың ішінде қысылып қалған азаматтар болады. Құтқарушылар арнайы құралдың көмегімен зардап шеккендерді шығарып алады. Біз өз міндетімізді, олар өз міндеттерін атқарады. Біз апат болған жерге 20-25 минут ішінде жетеміз.

- Есте қалар қандай оқиға туралы айтып өтер едіңіз?

- Жеңіл көліктер қарама-қарсы соғылған жағдайда жұмыс істедік. Әлі есімнен кетер емес. «Триггерлі» апат деп айтар едім. Екі машина ішінде сегіз адам болды. Жолаушылардың барлығы аяқ-қолын сындырса да, өмірлеріне қауіп болған жоқ. Барлығы аман. Бұл – өте сирек кездесетін оқиға. Медицинада «ретроградты амнезия» деген ұғым бар. Осындай жағдай сегіз жолаушының барлығында бір мезетте анықталды. Жол полициясы қызметкерлерінің өзі есеңгіреп, не істерін білмей қалды. Жолаушылардың ешқайсысы қайдан келе жатқанын, қайда бара жатқанын айта алмады. Барлығы шошып, ұмытып қалған. Ал біздің бригада стандартты шараларды қолға алды. Оқиға бірнеше жыл бұрын облыстық маңызы бар тас жолдың бойында тіркелді. Улы газбен улану жағдайлары өте қиын. Себебі бұл газ аса қауіпті. Иісі мен түсі жоқ.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы