Бүгінгі балаң қандай болса, ертеңгі ұлтың сондай болады - жазушы

11 Ақпан 2021, 15:48
2281
Бөлісу:
Бүгінгі балаң қандай болса, ертеңгі ұлтың сондай болады - жазушы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де өткен онлайн брифингте жазушы, жыршы, драматург Баянғали Әлімжанов қазақ балалар әдебиеті бай, адамгершілігі мол, имандылыққа тәрбиелейтін әдебиет екенін айтты.

Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті қолдау тауып жатқаны қуантады. Бұл ертерек қолға алынуы керек еді. Бұл бір ғана жылдың шаруасы емес, өмір бойы жүретін дүние. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі халық, бүгінгі бала – ертеңгі мемлекет. Бүгінгі балаң қандай болса, ертеңгі ұлтың сондай болады. Демек біз балаларды әдебиет, көркемсөз арқылы тәрбиелеу деген мәселеге үлкен маңыз беріп қарауымыз керек. Себебі қазіргі балалар тест деген «бәлемен» өсіп жатыр. Ойлау, сөйлеу жүйесі бұзылды. Бұл бәріміз көріп отырған шындық. Демек балаларды көркемсөз арқылы ойнап жүріп ойлауға, сөйлеуге үйретуіміз керек. Бұл тегін мәселе емес. Балабақшада оқытып жатқан өлеңдерді бала түгілі үлкендердің өзі түсінбейтінін көріп отырмыз. Балабақша тәрбиешілері қолымызға түскені осы деп айтады. Бала өзінің оқып тұрған дүниесін ұқпаса, ол ана тілін қалай сүйеді?! Бала өзіне қызықты, түсінікті дүниені оқиды, - деп айтты Баянғали Әлімжанов.

Баланың өзіне кітапты қолына алып қалай оқытамыз? Оның сөзінше, бұл - бүкіл халықтың алдында тұрған мәселе.

Бұл жалғыз ғана кітапхананың, министрліктің немесе жазушылардың міндеті емес. Бұл ең алдымен ата-ана, мұғалімдердің мойнына алатын дүниесі. Біз қалай да интернетте, телефонда отырған баланы кітапқа тартуымыз керек. Бұл алдымызда тұрған үлкен мәселе. Баланы ептеп осыған бағыттауымыз керек. Шетелдік фильмдерді көріп отырған бала кітапты оқу-оқымауы екіталай. Демек балаға бала күнінен кітап оқуға қызығушылығын, мәдениетін сіңіруіміз керек, - дейді ол ОКҚ-де.

Сондай-ақ, жазушы қазақ балалар әдебиеті бай, адамгершілігі мол, имандылыққа тәрбиелейтін әдебиет екенін айтты.

Осының ішінен қайсысын балаларға оқытамыз? Оған қолы жете бермейді. Өйткені ауылдағы бала кітапқа зәру. Бәрінің кітап алуға жағдайы келе бермейді. Осы жерде біз балалардың әдебиетінің тақырыптық антологиясын шығарсақ ұсыныс айтамын. Авторлық емес, тақырыптық антологиясы, - деп жазушы ұсыныс айтты.

Баянғали Әлімжанов айтқандай, кітап – ол мәңгі. Кітап болмаса, адамзат болмайды.

 Кітапты интернетке, киноға, мультфильмге немесе музыкаға қарсы қоюдың қажеті жоқ. Керісінше оларды одақтас етуіміз керек. Яғни қазақ кітабын, қазақ сөзін, қазақ өлеңін жүйеге енгізсек, ол балаға тартымды болады, - деп атап өтті ол.

Жазушы жасөспірімдерге арналған дүние өте аз екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы