Бүгін Алматы облыстық сотының ғимаратында Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс қайтадан қаралады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеді.
Айтуынша, бүгін Қонаев қаласында жасөспірімді өлтіргені үшін сотталғандардың апелляциялық шағымы қаралады. Сондай-ақ куәгер деп танылған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты іс те бүгін шешімін табады.
Біз командамызбен сотқа дайындалып отырмыз. 18 тамызда 8 сотталушының апелляциялық шағымы Алматы облыстық сотының ғимаратында Қонаев қаласында қаралады. Сонымен қоса, төбелес болған оқиға орнында жүрген екі қыз – Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты іс, одан қалса, куәгер Юлдаш Розыбакиев пен Арлан Қазыкеновке қатысты шыққан бірінші сатының жеке қаулысына келтірілген Дана Жақсыгелдінің жеке шағымы сол сот отырысында қаралады, - дейді Шекеев.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда түнде Талғарда жасөспірім қаза тапқан болатын. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат сатып алушымен арада шиеленіс туындаған кезде әкесінің дүкенінде оған көмектесіп жатқан.
2025 жылғы 5 маусым күні Шерзат Болат ісі бойынша 9 сотталушыға үкім шықты. Жасөспірімнің өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жасөспірім өлімі туралы істі ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды.