Бүгін KazSTSAT ғарыш аппаратының іске қосылғанына 3 жыл толды

3 Желтоқсан 2021, 19:08
1267
Бөлісу:
Бүгін KazSTSAT ғарыш аппаратының іске қосылғанына 3 жыл толды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгін KazSTSAT ғарыш аппаратының сәтті іске қосылғанына 3 жыл толғаны туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.

Бүгін ғылыми-технологиялық мақсаттағы KazSTSAT ғарыш аппаратының сәтті іске қосылғанына 3 жыл болды. Қазақстандық «Ghalam» ЖШС мен британдық SSTL компаниясының біріккен командасы оның жобасын жасап, құрастырып, сынақтан өткізген еді (2018 жылы 3 желтоқсанда SpaceX компаниясының Falcon-9 зымырантасығышымен ұшырылды), - деді министр.

Мусиннің айтуынша, спутник 36 ай бойы апатсыз және штаттық тәртіпте жұмыс істеп жатқандықтан, әлемдік нарықта қазақстандық технологиялардың ұшу тарихына оң көзқарас қалыптасып келеді. Осы бағыттағы құзірет пен тәжірибемізді Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Ұлттық ғарыш орталығындағы Құрастыру-сынақ кешенінде болашақ ғарыш жүйелерін жасау кезінде қолданамыз.

KazSTSAT ғарыш аппараты алғашында тек технологиялық мақсатта, яғни ғарышта қазақстандық жобалау технологияларын апробациялау және ғарыштық кіші жүйелерді жасау үшін қолға алынған еді. Алайда жұмыс барысында Airbus компаниясымен келісімге келіп, спутникке коммерциялық оптикалық камера (түсіру жолағы 250 шақырымға дейін) орнату мүмкіндігі туды. Нәтижесінде 2019 жылдан бері «Ghalam» ЖШС елдегі төтенше жағдайлар мен ауыл шаруашылығы мәселелерін шешу үшін «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясына ғарыштан суреттер түсіріп береді. Сондай-ақ Airbus Space Defense стратегиялық серіктесіне деректерді коммерциялық тұрғыда экспорттайды, - деп жазды Цифрлық даму министрі.

Айта кету керек, ғарыштық суреттер негізінде жобалар мен шешімдер жасауға жол ашу мақсатында «Ghalam» компаниясы стартаптар мен жоғары оқу орындарына KazSTSAT-тың ғарыштық суреттерін қолжетімді етуге дайын.

Бағдат Мусин маңызды және жауапты жұмысты мінсіз атқарып жатқан «Ghalam» ЖШС-нің инженерлер ұжымына сәттілік пен жаңа жетістіктер тіледі.

Өзгелердің жаңалығы