Бүгін еліміздің жеті қаласында ауа ластанады

Осыған байланысты мамандар тұрғындарға мүмкіндігінше ашық ауада ұзақ уақыт жүрмеуге, әсіресе автокөлік көп жүретін жолдардың маңынан аулақ болуға кеңес береді.

 istockphoto.com Бүгiн 2026, 08:52
Бүгiн 2026, 08:52
166
Фото: istockphoto.com

Бүгін, 27 маусымда Қазақстанның жеті қаласында атмосфералық ауаның ластануына қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) болжанып отыр. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.

Синоптиктердің болжамынша, қолайсыз метеожағдайлар Алматы, Қарағанды, Теміртау, Талдықорған қалаларында, сондай-ақ түнгі уақытта Риддер, Семей және Өскеменде күтіледі.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – желдің әлсіз болуы, тұманның түсуі, ауа температурасының инверсиясы сияқты факторлардың әсерінен атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін құбылыс. Мұндай кезде елді мекендердегі ауа сапасы нашарлап, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты мамандар тұрғындарға мүмкіндігінше ашық ауада ұзақ уақыт жүрмеуге, әсіресе автокөлік көп жүретін жолдардың маңынан аулақ болуға кеңес береді. Балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға ерекше сақтық таныту ұсынылады.

Сондай-ақ дене жаттығулары мен спортпен шұғылдануды ашық алаңдарда емес, жабық спорт кешендерінде өткізген жөн.

Наверх