Бүгін, 19 қыркүйекте Қазақстанның сегіз қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып, ауа сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді.
Синоптиктердің болжамынша, қолайсыз метеорологиялық жағдай Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Орал, Атырау, Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында күтіледі.
Мұндай жағдайда желдің әлсіз болуы, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлар атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал етуі мүмкін.
Мамандар тұрғындарға ашық ауада, әсіресе көлік жолдары мен басқа да ластану көздерінің маңында ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуді шектеу ұсынылады.
Сондай-ақ созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру, ал ашық ауадағы физикалық белсенділікті азайту ұсынылады.