«Қазгидромет» РМК бүгінге, 29 шілдеге арналған ауа сапасы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, бүгін Алматы қаласында, сондай-ақ түнгі уақытта Астана, Теміртау, Қарағанды және Қостанай қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі.
Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфераның төменгі қабатында зиянды ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді ауа райы құбылыстарының жиынтығы. Оған тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия жатады. Осындай жағдайда елді мекендердегі ауа сапасы уақытша нашарлауы мүмкін.
Осыған байланысты тұрғындарға, әсіресе балаларға, қарттарға және тыныс алу жүйесі аурулары бар адамдарға ашық ауада ұзақ уақыт болмауға, ал қажет болған жағдайда сыртта физикалық белсенділікті шектеуге кеңес беріледі.