«Қазгидромет» РМК бүгін, 5 мамырда екі өңірде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтілетін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соның салдарынан Түркістан мен Шымкент қалаларында ауа сапасының нашарлауы мүмкін.
Мамандардың түсіндіруінше, бұл құбылыс көбіне желдің әлсіздігі, тұман, ауа температурасының инверсиясы сияқты факторлармен байланысты. Соның салдарынан елді мекендерде ауа сапасы төмендеп, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі ықтимал.
Синоптиктер ластану деңгейі ауа райының жалпы жағдайына – жел, жауын-шашын, ылғалдылық пен температураға тәуелді екенін атап өтті.
Осыған байланысты тұрғындарға сақтық шараларын сақтау ұсынылады. Атап айтқанда, ашық ауада ұзақ болмау, әсіресе көлік көп жүретін аймақтардан аулақ жүру қажет. Балалар мен жүкті әйелдерге серуенді шектеу ұсынылады.
Сонымен қатар созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар азаматтарға өздерімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерді алып жүру, ал дене белсенділігін мүмкіндігінше жабық ғимараттарда өткізу кеңес етіледі.