Бүгін «Егеменнің» отыз мыңыншы нөмірі жарық көрді

1 Ақпан 2021, 16:16
1342
Бөлісу:
Бүгін «Егеменнің» отыз мыңыншы нөмірі жарық көрді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ел газеті «Егемен Қазақстанның» отыз мыңыншы нөмірі жарық көрді. Ғасырлық шежіресі бар бас басылымның мерейлі санының шығуымен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтады.

Бүгін қазақ баспасөзі, жалпы, ұлттық журналистика үшін айрықша күн десек, артық бола қоймас. Себебі, дәл бүгін ел газеті «Егеменнің» отыз мыңыншы нөмірі жарық көріп отыр. Осы бір мерейлі межемен егеменқазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Ғасырлық шежіресі бар бас басылымның әр нөмірі ұлт тарихының бір парағы деуге болады. Отанымыздың барлық жетістігі мен жеңісі, қоғамдағы өзекті мәселелер, елдің күнделікті тыныс-тіршілігі газет беттерінен бір сәтке де қалыс қалған емес. Алаш арыстарының және Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы сияқты қазақтың біртуар қайраткерлерінің қолтаңбасы қалған басылым, шын мәнінде, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде өз міндетін үлкен абыроймен атқарып келеді. Әдебиетіміз бен мәдениетімізді, ұлттық руханиятымыз бен асыл құндылықтарымызды және білім мен ғылымды дәріптеу жолында да «Егеменнің» орны бөлек, – деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ, газеттің отыз мыңыншы нөмірі ерекше шыққанын атап өтті.

Бүгінгі санда мыңыншы, бес мыңыншы, он мыңыншы және жиырма мыңыншы нөмірдің қалай шыққаны туралы деректі материалдар берілген екен. Шерағаңның басшылығымен жарық көрген жиырма мыңыншы нөмір тәуелсіздікке үш ай қалғанда, яғни 1991 жылғы қыркүйекте басылса, отыз мыңыншы нөмір азаттықтың 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның өзі ерекше атап өтерлік жайт. Қазіргі таңда Darhan Qydyráli бастаған бас басылым «қазақ баспасөзінің қара шаңырағы» дейтін брендті абыроймен сақтап келеді. «Егеменнің» осы биіктен төмендемей, беделі одан әрі арта беруіне тілектеспіз. Газет атына заты сай болып, егемендігіміздің еңселі болуына өз үлесін қоса берсін, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы