20 қарашада Қазақстанның он қаласында атмосфераға таралған зиянды заттардың ауада жиналуына қолайлы метеорологиялық жағдай күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) күтілетін қалалардың қатарында Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Павлодар, Көкшетау, Талдықорған, Өскемен және Риддер бар.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай дегеніміз – желсіздік, желдің баяу соғуы, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді табиғи факторлардың жиынтығы. Мұндай жағдайлар атмосферадағы зиянды әрі ластаушы заттардың жерге жақын ауа қабатында жиналуына ықпал етеді.
ҚМЖ кезінде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлап, бұл адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластану деңгейінің қалыптасуына синоптикалық жағдайдың болжамы да тікелей әсер етеді. Атап айтқанда, желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температура маңызды рөл атқарады.
Қолайсыз метеожағдай кезінде қандай сақтық шараларын сақтау керек?
Мамандар тұрғындарға мынадай кеңестер береді:
- Ашық ауада болу уақытын қысқарту, әсіресе көлік көп жүретін жолдар мен ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ жүрмеу. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
- Өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек.
- Ашық ауадағы дене жүктемесін шектеу қажет. Дене шынықтыру және спортпен шұғылдануды жабық спорт кешендерінде өткізген жөн.