Бұдан былай жаңа туған балаға туу куәлігінен бұрын ЖСН беріледі

10 Шілде 2023, 12:10
2952
Бөлісу:
Бұдан былай жаңа туған балаға туу куәлігінен бұрын ЖСН беріледі
Фото: BAQ.KZ - архив

Бұдан былай елімізде жаңа туған нәрестеге бірден жеке сәйкестендіру нөмірі берілетін болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

Көші-қон қызметі комитетінің ақпаратына сәйкес, министрлікте балаларға туғаннан кейін бірден ЖСН беру бойынша жаңа пилоттық жоба іске қосылды.

Бұрын балаға ЖСН ата-анасы туу туралы куәлік алуға өтініш білдіргеннен кейін берілетін. Сондықтан көптеген бала ата-аналары мұндай куәлікті алғанға дейін есепке алынбады. Енді АХАТ жүйесі туу туралы медициналық куәлікті алғаннан кейін автоматты түрде баланың туу туралы актілік жазбасын жасайды, оның негізінде баланың ЖСН-і қалыптасады.

Аталған жүйе ата-аналардың жеке өтінішінсіз-ақ проактивті форматта бірқатар мемлекеттік қызметті көрсету тетігін автоматты түрде іске қосуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Айтуынша, жас ата-анаға белгілі бір органдарға жүгінудің қажеті жоқ.

Ата-анаға бала тууға және бала күтімі бойынша жәрдемақы алу; жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді тағайындау және төлеу; бала 1,5 жасқа толғаннан кейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді алу үшін арнайы жүгінудің қажеті болмайды. Сонымен қатар жүйе анасына баланың тегі, аты және әкесінің аты (бар болса) туралы мәліметтерді беру туралы SMS-хабарлама жібереді, содан кейін туу туралы куәлік қалыптастырылады. Осылайша, туу туралы куәлік берілгенге дейін тегі, аты жоқ балаға ЖСН беру тетігін іске асыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде туылған балаларды толық есепке алуды ғана емес, сонымен қатар осы кезеңде де ата-аналарға баланың тууына байланысты Мемлекеттік қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Шұғыла Тұрлыбек.

Өзгелердің жаңалығы