Александр Бублик (ATP жұптық рейтингінде 367-орын) жекелей сындағы жарысын аяқтағаннан кейін US Open-2026 турниріндегі өнерін жалғастырып жатыр. Қытайлық Шан Цзюнчэнмен (601) жұп құрған ол аргентиналық Себастьян Баэс пен венгриялық Фабиан Марожаннан (264) 6:2, 6:4 есебімен басым түсіп, екінші айналымға шықты.
Матч небәрі 56 минутқа созылды. Алғашқы сетте Бублик пен Шан екі брейк жасап, бірден басымдыққа ие болды – 6:2. Екінші сетте Баэс пен Марожан көбірек қарсылық көрсеткенімен, Қазақстан-Қытай жұбы кездесуді үшінші сетке жеткізбей, 6:4 есебімен аяқтады.
Баэс пен Марожан виннер саны бойынша алда болды – 22:15. Алайда олар қателікке айтарлықтай жиі жол берді. Бублик пен Шан небәрі алты еріксіз қателік жіберсе, қарсыластары 17 рет қателесті. Жалпы ұпай саны бойынша да жеңімпаздар басым түсті – 72:53.
US Open-2026 турнирінің екінші айналымында Бублик пен Шан аргентиналық Гидо Андреоцци (15) және франциялық Мануэль Гинар (14) жұбымен кездеседі.
Бублик пен Шан биылғы маусымда бұған дейін де бірге өнер көрсеткен. Ақпан айында Дубайда өткен ATP 500 турнирінде олар ширек финалға дейін жетіп, Харри Хелиоваара мен Генри Паттен жұбына есе жіберген.