«BUǴY» коллекциялық монеталары айналымға шығады

30 Желтоқсан 2020, 22:02
2557
Бөлісу:
«BUǴY» коллекциялық монеталары айналымға шығады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық Банкі «Ғибадатты жануарлар – көшпенділердің тотемі» топтамасынан номиналы 5 000, 500, 200 және 100 теңгелік «BUǴY» коллекциялық күміс монеталарын айналымға шығарады.

Сатылымға шығатын күні туралы ақпарат ҚҰБ ресми сайтында қосымша хабарланады.

«BUǴY» коллекциялық монеталары туралы

Бұл монеталар «Ғибадатты жануарлар – көшпенділердің тотемі» сериясын жалғастырады. Оның дизайны «сақтардың аңдар стилі» іспетті аллегориялық үлгіде жануарлардың табиғи және трафаретті түрлерін үйлестіре отырып жасалған.

«BUǴY» коллекциялық монеталары айналымға шығады

Бұғы – көшпелі халықтың сенімінде ең қасиетті ғибадат ететін жануардың бірі. Прототүрікттердің сенімінде бұл тотем ата-баба ретінде қарастырылып, ұрпақтар жалғасын әспеттеген.  

Номиналы 5000 теңгелік және 500 теңгелік  «BUǴY» монетасының сипаттамасы:

Монеталар алтын және гауһар тас жалату технологиясын пайдалана отырып, күмістен жасалған. Монетаның беті мен сырт келбеті бірдей суретпен бейнеленген.

Монетаның бет жағында (аверсінде) монетаның соғылған жылы, номиналы, Қазақстан теңге сарайының тауарлық белгісі мен монета жасалған металл, оның эталоны мен салмағы ұлттық оюмен жақтауына жазылған. Монетаны айналдыра отырып «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазуды оқуға болады.

Монетаның сырт келбетінде (реверсінде) диаметрі 2 мм гауһарға орын беріліп, табиғи және трафаретті үлгіде бұғының басы салынған, жоғарғы жағында «BUǴY» жазуы көрініс тапқан.  Периметрі бойынша декоративті үлгіде безендірілген кең жиегі бар.

Номиналы 200 теңге және 100 теңге  «BUǴY» монеталарының сипаттамасы:   

Монеталар MH25 мельхиор қорытпасынан «рrооf-like» және «brilliant uncirculated» сапада дайындалған. «Рroof-like» сападағы монетаға алтын жалату технологиясы қолданылған. Монетаның бет жағында (аверсінде) тиынның соғылған жылы, номиналы, Қазақстан теңге сарайының тауарлық белгісі  ұлттық оюмен жақтауына жазылған. Монетаны айналдыра отырып «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» жазуы басылған.

Монетаның сырт жағында (реверсінде) натуралистік және трафаретті үлгіде маралдың басы бейнеленіп, жоғарғы бөлігіне «BUǴY» жазуы орналасқан. Периметрі бойынша декоративті үлгіде безендірілген кең жиегі бар.

Техникалық сипаттамасы:

1) номиналы 5000 теңгелік монеталар 925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы – 25 унция (777,5 гр.), диаметрі – 100 мм, диаметрі 1 мм гауһар қойылған, «proof» сапада дайындалған, таралымы – 250 дана;

2) номиналы 500 теңгелік монеталар 925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы – 31,1 гр., диаметрі – 38,61 мм, диаметрі 1 мм гауһар қойылған, «proof» сапада дайындалған, таралымы – 3500 дана;

3) номиналы 200 теңгелік монеталар мельхиор қорытпасынан жасалған, салмағы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, «рrооf-like» сапада дайындалған, таралымы – 7000 дана;

4) номиналы 100 теңгелік монеталар мельхиор қорытпасынан жасалған, салмағы – 11,17 г., диаметрі – 31 мм, «brilliant uncirculated” сапада жасалған, таралымы – 30 000 дана.

Номиналы 5000, 500, 200 және 100 теңгелік коллекциялық монеталар барлық төлем түрлері ретінде, сондай-ақ банктік шоттарға салып, ақша аударған кезде номиналы бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қабылдануға міндетті. Қазақстан Республикасының барлық банкінде айырбасталып, ұсақталады.

Күміс монеталар кәдесый қаптамасында шығарылады және оларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде нөмірленген сапа сертификаты беріледі. Мельхиор қорытпасынан дайындалған «proof-like» сападағы монеталар кәдесый орамында шығарылады. Мельхиор қорытпасынан дайындалған «brilliant uncirculated» сападағы монеталар арнайы полиграфиялық қаптамада шығарылады. 

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында жасалған.

Өзгелердің жаңалығы