Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдық енгізілгенін айтты.
Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл 17 рет өткізілетін болады. Осы кезең аралығында тестілеуге 2 миллионға жуық адам қатысты. 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына төрт рет өткізілуде: қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында. Биыл ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Барлығы 5 пән, 3 міндетті және 2 бейіндік пән бойынша тестілеу қағаз жүзінде жүргізіледі. Барлық тест тапсырмаларының саны – 120. Максималды балл – 140. ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді қабылдау 15 сәуірден 10 мамырға дейін іске асырылды. Осы жылы өтініштерді қабылдау алғаш рет онлайн форматта өтті. Тек интернеті жоқ өңірлердегі түлектер үшін құжаттарды дәстүрлі форматта тапсыру мүмкіндігін бердік. Жалпы, биыл мектеп түлектерінен тестіге қатысу үшін 111 109 немесе 82% өтініш келіп түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға немесе 15 мыңға жуық адамға жоғары. Сондай-ақ, алдыңғы жылдары мектеп бітірген түлектерді қосқанда, биыл барлығы 131 755 адам тест тапсыратын болады, - деді министр.
Асхат Аймағамбетов биыл ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдық енгізілгенін мәлімдеді.
ҰБТ бекітілген мерзімде, яғни, 20 маусымнан 5 шілдеге дейін 15 лекпен санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы 161 пунктте өткізіледі. Биыл ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдық енгізілді. Атап айтқанда, ҰБТ-ға қатысу үшін кіру кезінде бет-әлпетін тану (Face ID) көмегімен тұлғаны сәйкестендіру жүйесі алғаш рет қолданылады. Жылда берілетін қағаз сертификатының орнына биыл ҰБТ электронды сертификаты және білім беру грантын тағайындау кезінде де біз электронды куәлік енгіздік. SAT, ACT және ІВ сияқты халықаралық тесттердің балдарын ҰБТ ұпайына аудару шкаласын енгіздік. Сондықтан, көрсетілген сертификаттары бар оқушылар ҰБТ тапсырудан босатылып, білім беру грантын тағайындау конкурсына осы ауысқан балдармен қатыса алады, - деді министр.