Бруцеллезді анықтау енді бүкіл табынға жүргізіледі

2 Сәуір 2019, 11:18
2633
Бөлісу:
Бруцеллезді анықтау енді бүкіл табынға жүргізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында еліміздегі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері туралы баяндады. 

2019 жылға арналған ветеринариялық іс-шараларды қаржыландыру көлемі 45,2 млрд теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 млрд теңгеге артық. Көрсетілген қаражат есебінен 2019 жылы жануарлар мен құстардың аса қауіпті 17 ауруына қарсы вакцинациялау бойынша 137,2 млн манипуляция жүргізу жоспарланған, бұл листериоз бойынша саламаттылыққа қол жеткізуге байланысты 2 млн манипуляцияға азайтылды.

Сонымен қатар 13,9 млн бас ауыл шаруашылығы жануарларының төлін бірдейлендіру, жануарлардың 28 аса қауіпті ауруы бойынша 72,4 млн зерттеу жүргізу, зертханалық зерттеулер үшін 34,8 млн қан сынамасын алу жоспарланған.
Министр ХЭБ ұсынымдарына сәйкес бруцеллезге қарсы күрес стратегиясы қайта қаралғанын, соған сай ветеринариялық іс-шаралар бруцеллезге зерттеу кезінде оң нәтиже берген жануарға ғана емес, бүкіл табынға жүргізілетінін айтты. 

«Жоғары патогенді құс тұмауына қарсы күрес стратегиясына жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларынан 20 шақырым радиустағы халық шаруашылығының тәуекел аймағын анықтау бөлігінде өзгерістер енгізілді. Енді жабайы құстардың қоныс аудару жолында және су қоймаларының жанында орналасқан шаруашылықтармен қатар құс фабрикаларындағы құстардың да ата-енелік табынына осы ауруға қарсы вакцина егілетін болады», - деді Омаров Үкімет отырысында. 

Сібір жарасы бойынша жыл сайын 100% қамти отырып, сезімтал жануарларға алдын ала вакцинациялау жүргізіледі. Халықаралық зертханаларда олардың сапасын тексере отырып, қолданылатын вакциналардың сапасын бақылау күшейтілді. 2017-2018 жылдары кадастрмен белгіленген сібір жарасының 2180 көміндісі қоршалды және тану белгілерімен белгіленді.

Еске сала кетейік, осыған дейін жыл басынан бері жануарлар ауруларының 20 ошағы тіркелгені туралы хабарлағанбыз. 

   

Өзгелердің жаңалығы