БРИКС Қазақстанға не береді: Сарапшылар жаңа нарықтар мен технологиялық серіктестік мүмкіндіктерін атады

БРИКС Қазақстанға жаңа нарықтар мен технологиялық серіктестік үшін мүмкіндік береді.

15 Қыркүйек 2026, 09:14
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 15 Қыркүйек 2026, 09:14
15 Қыркүйек 2026, 09:14
308
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Қазақстанның БРИКС-пен серіктестігі сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, жаңа нарықтарға шығуға, көлік-логистикалық бағыттарды дамытуға және технологиялық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, әсіресе Қазақстан мен Үндістан арасындағы байланыстарды нақты өндірістік және технологиялық кооперацияға айналдырудың әлеуеті жоғары, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өткен «БРИКС плюс» саммитінде Қазақстанның БРИКС елдерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әртараптандыруға ниетті екенін айтқан болатын. Президент көлік-логистика, жасанды интеллект, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы ынтымақтастықты дамытуға назар аударды.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

БРИКС Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер аша алады

Саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасым қазіргі геосаяси жағдайда мемлекетаралық текетірестің күшеюі, ішкі қақтығыстардың халықаралық сипат алуы, санкциялық құралдардың кеңеюі және жаһандық жеткізу тізбектерінің осалдығы сияқты үдерістердің белең алып отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, экономикалық, технологиялық, әлеуметтік және саяси дағдарыстардың бір-бірімен қабаттасуы халықаралық қауіпсіздік жүйесіне түсетін қысымды арттырып отыр. Дүниежүзілік экономикалық форум да алдағы екі жылдағы ең елеулі қатер ретінде геоэкономикалық текетіресті атап отыр.

Осындай жағдайда Қазақстан түрлі мемлекеттердің мүдделері мен халықаралық платформаларды өзара ұштастыруға бағытталған прагматикалық саясат жүргізіп келеді.

Фото: сарапшының жеке мұрағатынан 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БРИКС саммитінде көтерген бастамалары ұйымдағы ықтимал текетірестік риториканы конструктивті әрі практикалық арнаға бұруды және жаһандық жіктелу жағдайында ұйымның әлеуетін нақты жобаларға бағыттауды көздейді, – деді сарапшы.

Риззат Тасымның пікірінше, Қазақстан БРИКС-ті БҰҰ-ның жетекші рөлін толықтырып, аймақтар мен нарықтарды байланыстыратын ашық ынтымақтастық алаңы ретінде қарастырады.

Осы тұрғыдан алғанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Азия, Африка және Латын Америкасының өкілдігін кеңейту, сондай-ақ дамушы орта державалардың жаһандық шешімдер қабылдауға қатысуын күшейту жөніндегі ұсыныстар маңызды.

Ал TheNewsSite.in басылымының редакторы, сарапшы Аянангша Майтра Қазақстанның БРИКС-ке серіктес мемлекет ретінде қосылғанын атап өтті.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Қазақстан БРИКС-ке серіктес мемлекет ретінде қосылды. Яғни, ресми толыққанды мүше емес, ұйымның серіктестерінің бірі. Дегенмен Қазақстан серіктес ретінде БРИКС-ке үлкен құндылық қоса алады, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, қазіргі геосаяси тартыстар күшейіп тұрған кезеңде Қазақстанның БРИКС-пен әріптестігі ерекше маңызға ие.

Бүгінде көптеген мемлекет жаһандық шиеленістердің әсерін сезініп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, БРИКС Орталық Азиядағы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер мен көптеген артықшылықтар ұсына алады, – деді Аянангша Майтра.

Оның пікірінше, БРИКС Қазақстан үшін басқа мемлекеттермен келіссөз жүргізуге, өзара сауда мен экономикалық байланыстарды дамытуға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін маңызды алаң бола алады.

Көлік-логистика Қазақстанның байланыстырушы рөлін күшейте алады

Риззат Тасым Қазақстанның БРИКС елдерімен серіктестігінде сауда, инвестиция және көлік-логистика бағытының әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізімен сабақтастыру балама маршруттар арасындағы бәсекені күшейтуге емес, олардың ортақ әлеуетін біріктіруге мүмкіндік береді.

Бұл Қазақстанның байланыстырушы буын ретіндегі рөлін нығайтып, тұтас Еуразияның орнықты көлік-логистикалық қаңқасын қалыптастыруға жол ашады, – деді сарапшы.

Аянангша Майтра да Қазақстанның өңірлік және халықаралық экономикалық байланыстарының кеңдігін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық кеңістік, ТМД елдері, Қытай және Ресеймен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы байланыстары бар.

Ал БРИКС-пен серіктестік Қазақстанға әлемнің басқа өңірлеріндегі мемлекеттермен де жаңа байланыстар орнатуға жол ашады, – деді сарапшы.

Ол Боливиядан Кубаға дейінгі түрлі елдердің БРИКС-пен серіктестік орнатқанын атап өтті.

Жасанды интеллект саласында ортақ жобаларға мүмкіндік бар

Сарапшылар Қазақстан мен Үндістан арасындағы технологиялық ынтымақтастықтың, әсіресе жасанды интеллект саласының әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Риззат Тасымның айтуынша, Президент ұсынған БРИКС плюс аясындағы жасанды интеллект серіктестігі ұлттық ЖИ орталықтарын, зертханалар мен есептеу инфрақұрылымын біріктіріп, ортақ ғылыми жобалар мен көптілді цифрлық шешімдерді дамытуға мүмкіндік береді.

Аянангша Майтра Қазақстанның технологиялық әлеуеті мықты екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан мен Үндістан осы салада өзара тиімді ынтымақтастық орната алады.

Үндістанның IT саласы әлемде өте мықты дамыған. Кремний алқабында үнді мамандарының ықпалы зор. Ағылшын тілінде жұмыс істейтін үнді технологтары, IT мамандары, инженерлері мен бағдарламашылары әлемдік технологиялық индустрияда маңызды орын алады, – деді ол.

Сарапшы Қазақстанның ТМД елдерінің және бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігіндегі нарықтардың ерекшеліктерін жақсы білетінін айтты.

Ол екі елдің әлеуетін біріктіретін ынтымақтастық қажет екенін айтты.

Сонымен бірге Еуразия кеңістігінде озық технологияларға, оның ішінде жасанды интеллект пен қолданбалы AI технологияларына сұраныс жоғары. Сондықтан Қазақстан мен Үндістан осы бағытта ынтымақтастық орнатуы керек деп ойлаймын, – деді Аянангша Майтра.

Оның айтуынша, тіл мәселесі де маңызды. Әртүрлі елдер мен қоғамдар арасындағы тікелей коммуникацияның жеткіліксіздігі технологиялық ынтымақтастыққа әсер етуі мүмкін.

Сарапшы жасанды интеллекттің маңызы алдағы уақытта одан әрі арта түсетінін атап өтті. Оның пікірінше, бүгінде әр мемлекет осы технологиялық жарыста алдыңғы қатарға шығуға тырысып жатыр.

Кім мықты позицияға ие болса, сол болашақта үлкен нарыққа қол жеткізеді, – деді ол.

Аянангша Майтраның айтуынша, Үндістан IT дәуірінде үлкен жетістіктерге жетті. Алайда бұл бағыттағы даму инвестицияға, венчурлік капиталға және әлемдік технологиялық нарықты қалыптастырып отырған ірі компанияларға да байланысты.

Ол БРИКС елдерінде жасанды интеллект саласындағы компаниялардың көбірек болуы керек деп есептейді.

Сонда бұл салада бір ғана орталықтың немесе бірнеше ірі ойыншының монополиясы қалыптаспайды, – деді сарапшы.

Қазақстан-Үндістан саудасын әртараптандыру қажет

Риззат Тасымның айтуынша, Үндістанның ұзақ мерзімді дамуы «Дамыған Үндістан 2047» тұжырымдамасына негізделген. Бұл Үндістанның экономикалық және технологиялық әлеуетінің одан әрі өсуіне ықпал етуі мүмкін.

Осы тұрғыда Үндістанның экономикалық, технологиялық және демографиялық әлеуетінің өсуі Қазақстан үшін де сауда-саттықты нығайту бойынша жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді сарапшы.

Оның дерегінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты сауда көлемі 924,3 млн долларды құраған. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында тауар айналымы 315,4 млн долларға жетті.

Сарапшы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың институционалдық негізі қалыптасқанын атап өтті. Үкіметаралық комиссиямен қатар, перспективалы салалар бойынша оннан астам бірлескен жұмыс тобы қызмет етеді.

Сонымен бірге сауда құрылымы әлі де әртараптандыруды қажет етеді.

Қазақстанның Үндістанға экспорты негізінен шикі мұнай, ферроқорытпалар, сутегі, инертті газдар және басқа да бейметалдардан тұрады. Бұдан бөлек, бейорганикалық химия өнімдері, күміс, көмір, асбест, титан және металлургия өнімдерінің жекелеген түрлері жеткізіледі.

Үндістан Қазақстанға дәрі-дәрмек, вакциналар, шай, телефон аппараттары, машина жасау өнімдері, өндірістік және тау-кен жабдықтары мен олардың бөлшектерін экспорттайды.

Риззат Тасымның айтуынша, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуы да байқалады. Қазақстанда білім алып жүрген үнді студенттерінің көптігі жоғары білім беру саласындағы тартымдылықты көрсетеді. Туристік және адами байланыстардың кеңеюі де екі ел арасындағы өзара түсіністік пен ұзақ мерзімді серіктестіктің әлеуметтік негізін нығайтып келеді.

Сауда көлемінен бөлек, өндірістік кооперация маңызды

Бұған дейін Қазақстан мен Үндістан өзара сауда көлемін 3 млрд долларға жеткізу мақсатын белгілеген болатын.

Риззат Тасым бұл межеге қол жеткізу мүмкіндігі бар екенін айтып, негізгі мәселе сауда көлемінің өсуінде ғана емес, оның қандай тауарлар мен өндірістік байланыстар есебінен қамтамасыз етілетінінде екенін атап өтті.

Сондықтан қатынастарды шикізаттық сауда шеңберінен шығарып, нақты өндірістік және технологиялық кооперацияға көшіру маңызды, – деді сарапшы.

Оның пікірінше, бұл ретте үш бағыттың әлеуеті жоғары.

Біріншісі – азық-түлік және агроөнеркәсіп кешені. Үндістанның ауқымды нарығын ескерсек, Қазақстан үшін астық, бұршақ дақылдары, майлы өнімдер және оларды терең өңдеу арқылы алынатын тауарлар экспорты перспективалы.

Екіншісі – металдар, критикалық минералдар және жаңа индустрияға қажетті материалдар. Үндістанның жедел индустриялануы жағдайында Қазақстанның уран, титан, ферроқорытпа, мыс және сирек металдар өндірудегі мүмкіндіктеріне сұраныс арта түсуі мүмкін.

Үшіншісі – цифрландыру және ақпараттық технологиялар. Үндістанның бағдарламалау, жасанды интеллект, финтех және цифрлық қызметтер саласындағы тәжірибесін Қазақстанның инфрақұрылымы мен нарықтық мүмкіндіктерімен ұштастыру бірлескен технологиялық жобаларды іске асыруға жол ашады.

Аянангша Майтра да Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда байланыстарын дамыту үшін бірқатар бағыттарды атады.

Оның айтуынша, маңызды бағыттардың бірі – стратегиялық және сирек кездесетін минералдар. Сонымен қатар зергерлік бұйымдар, тоқыма өнеркәсібі және сән индустриясы салаларында да мүмкіндік бар.

Қазақстанның көпвекторлы саясаты БРИКС серіктестігіне әсер етеді

Аянангша Майтра Қазақстанның сыртқы саясатын әртараптандырып келе жатқанын атап өтті.

Сіздердің саясаткерлеріңіз мұны көпвекторлы саясат деп атайды, – деді сарапшы.

Ол бұл саясатты белгілі бір дәрежеде Үндістан ұстанған бейтараптық саясатымен салыстырды. Сарапшы Үндістанның алғашқы премьер-министрі Джавахарлал Неру бастаған Қосылмау қозғалысының да негізгі ұстанымы осыған жақын болғанын айтты.

Яғни, мәселе белгілі бір тарапқа ғана қосылуда емес. Әр мемлекет өзінің ұлттық мүддесіне барынша тиімді мүмкіндіктерді іздейді. Қазақстанның БРИКС-пен серіктестігінің де негізгі мәні осында деп ойлаймын, – деді ол.

БРИКС-тің институционалдық әлеуеті

Аянангша Майтра БРИКС-тің институционалдық дамуына қатысты өз ұсынысын да айтты.

Оның пікірінше, ұйымға тұрақты штаб-пәтер және бас хатшы немесе ұйым жұмысын үйлестіретін бас директор секілді тұрақты институт қажет.

Сарапшының айтуынша, бұл ұйым жұмысын тиімдірек үйлестіруге, қабылданған шешімдердің жүзеге асуын бақылауға және БРИКС-тің нақты институционалдық келбетін қалыптастыруға мүмкіндік берер еді.

Су қауіпсіздігі де маңызды бағыттардың бірі

Риззат Тасым Қазақстанның БРИКС-пен ынтымақтастығындағы тағы бір маңызды бағыт ретінде су қауіпсіздігін атады.

Оның айтуынша, Қазақстан бастамашы болған Халықаралық су ұйымы су ресурстарын басқарудағы мемлекетаралық үйлестіруді күшейтуге мүмкіндік береді.

Сарапшы бұл бастаманың азық-түлік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан да әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

БРИКС – жаңа экономикалық байланыстар алаңы

Аянангша Майтраның пікірінше, БРИКС-пен серіктестік Қазақстан үшін өзара сауда мен экономикалық байланыстарды дамытуға, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін тағы бір маңызды алаң бола алады.

Меніңше, бұл қазақстандық компаниялар үшін де, Қазақстан Үкіметі үшін де тиімді, екі тарапқа да пайда әкелетін жағдай болмақ, – деді сарапшы.

Риззат Тасымның пікірінше, Қазақстан мен Үндістан арасындағы сенімді саяси және гуманитарлық қатынастар қалыптасқан. Ендігі міндет – осы сенімді өзара тиімді сауда, инвестиция және ұзақ мерзімді өндірістік-технологиялық кооперацияға айналдыру.

Тағы оқи отырыңыз: «Намастеден» нақты бастамаларға дейін: Нью-Делидегі БРИКС саммитінің қорытындысы 

Наверх