- Мұқаба
- Жаңалықтар
- БРИКС: Нью-Дели декларациясы және Қазақстанның басымдықтары
БРИКС: Нью-Дели декларациясы және Қазақстанның басымдықтары
Биыл БРИКС-ке Үндістан төрағалық етеді. XVIII саммит 12-13 қыркүйек күндері Нью-Делидегі Bharat Mandapam халықаралық көрме және конгресс орталығында өтіп жатыр. Саммиттің тақырыбы – «Төзімділік, инновация, ынтымақтастық және тұрақты даму жолында».
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
13 Қыркүйек 2026, 10:30
Үндістан астанасында БРИКС-тің XVIII саммиті өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған жоғары деңгейдегі жиынның алғашқы күнінде Нью-Дели декларациясы қабылданды. Саммитте жаһандық басқару жүйесін реформалау, халықаралық қауіпсіздік, экономика, энергетика, технология және тұрақты даму мәселелері талқыланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл БРИКС-ке Үндістан төрағалық етеді. XVIII саммит 12-13 қыркүйек күндері Нью-Делидегі Bharat Mandapam халықаралық көрме және конгресс орталығында өтіп жатыр. Саммиттің тақырыбы – «Төзімділік, инновация, ынтымақтастық және тұрақты даму жолында».

БРИКС қандай ұйым?
БРИКС – Жаһандық Оңтүстік елдерінің саяси-дипломатиялық үйлестіру және түрлі салалардағы ынтымақтастық алаңы.
Ұйымның негізі 2006 жылы Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытайдың бастамасымен қаланды. 2011 жылы Оңтүстік Африка Республикасы қосылды.
БРИКС-тің ресми мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта ұйымның 11 толыққанды мүшесі бар. Олар: Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Эфиопия, Индонезия, Иран, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері.
БРИКС аясындағы шешімдер мүше мемлекеттердің консенсусы негізінде қабылданады. Ұйым қызметі саясат және қауіпсіздік, экономика және қаржы, сондай-ақ халықтар арасындағы ынтымақтастық бағыттарын қамтиды.

БРИКС-те мүше мемлекеттерден бөлек, серіктес мемлекеттер форматы да бар. Бұл санат 2024 жылы Қазан қаласында өткен БРИКС саммитінде құрылды.
Ресми мәлімет бойынша, БРИКС-тің 10 серіктес мемлекеті бар: Беларусь, Боливия, Куба, Қазақстан, Малайзия, Нигерия, Таиланд, Уганда, Өзбекстан және Вьетнам.
Серіктес мемлекеттер БРИКС саммиттері мен сыртқы істер министрлерінің кездесулеріне шақырылады. Сонымен қатар мүше мемлекеттердің келісімі болған жағдайда ұйымның басқа да кездесулеріне қатыса алады.
Қазақстан БРИКС-ке серіктес мемлекет ретінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылды.
Нью-Дели декларациясы қабылданды
Саммиттің алғашқы күнінің басты қорытындысы бойынша Нью-Дели декларациясының қабылданды.
Құжатта БРИКС мемлекеттері халықаралық мәселелерді шешуде көпжақтылықты нығайту және халықаралық дауларды диалог, консультациялар мен дипломатия арқылы реттеу қажеттігін атап өтті.
Декларацияда Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне байланысты тараптарды барынша ұстамдылық танытуға және жағдайды одан әрі ушықтыратын әрекеттерден бас тартуға шақырды.
Құжатта халықаралық саудаға әсер ететін біржақты тарифтік және тарифтік емес шараларға қатысты алаңдаушылық та білдірілді.
Терроризм мәселесіне де ерекше назар аударылды. Нью-Дели декларациясында терроризмнің барлық түрі мен көріністеріне қарсы тұру қажеттігі және бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты күшейту мәселесі қамтылды.

Энергетикалық қауіпсіздік пен сыни минералдар
Нью-Дели декларациясында энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне де басымдық берілді.
БРИКС мемлекеттері энергетикалық өтпелі кезеңнің әділ, реттелген, теңгерімді және әр елдің ұлттық ерекшеліктері мен даму басымдықтарын ескере отырып жүргізілуі қажеттігін атап өтті.
Құжатта энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрақты және әртараптандырылған энергетикалық нарықтарды дамыту, жеткізу тізбектерінің орнықтылығын арттыру және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қамтылған.
Сонымен қатар БРИКС елдері энергетикалық жүйелерді цифрландыру және сыни минералдық ресурстарды дамыту бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге назар аударды.
Саммит қарсаңында Нью-Делиде халықаралық БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Онда Үндістан Сыртқы істер министрлігінің Экономикалық байланыстар жөніндегі хатшысы, Үндістанның БРИКС жөніндегі өкілі Судхакар Далела ұйымның күн тәртібі мен Үндістан төрағалығы кезеңіндегі басым бағыттарға тоқталды.
Брифингте Жаһандық Оңтүстік елдерінің халықаралық шешімдер қабылдаудағы рөлін күшейту, халықаралық басқару жүйесін реформалау және көпжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері айтылды.
Судхакар Далела халықаралық дауларды шешуде диалог пен дипломатияның маңызын атап өтті.
Брифинг барысында қаржылық ынтымақтастық мәселесі де көтерілді.
Үнді тарапы БРИКС аясында ұлттық валюталармен есеп айырысу мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын жеткізді.
Ал БРИКС-тің ортақ валютасын енгізу мәселесі әзірге ұйымның күн тәртібінде жоқ екені айтылды.
Үндістан төрағалығының тақырыбы
Үндістан 2026 жылғы төрағалығын «Төзімділік, инновация, ынтымақтастық және тұрақты даму жолында» тақырыбымен өткізіп жатыр.
Саммиттің ресми күн тәртібінде жаһандық басқару, көпжақтылық, тұрақты даму және технологиялық ынтымақтастық мәселелері бар.
Нью-Дели декларациясында ғылым, технология және инновация саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері де қамтылды.
Саммит аясында жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және ғылыми-технологиялық даму мәселелері де талқыланып жатыр.
Қазақстан БРИКС аясындағы энергетикалық және су ынтымақтастығын ілгерілетіп жатыр
Қазақстанның БРИКС аясындағы басым бағыттары саммит қарсаңында Нью-Делиде өткен дипломатиялық диалогта таныстырылды.
2026 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Азамат Есқараев «BRICS Energy Partnerships for Progress and Prosperity» дипломатиялық диалогына қатысты.
Іс-шара энергетикалық қауіпсіздік пен орнықтылықты қамтамасыз етудегі БРИКС басымдықтарына арналды.
Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің ресми мәліметіне сәйкес, кездесуге БРИКС-ке қатысушы мемлекеттер мен серіктес елдердің дипломатиялық миссияларының басшылары, сондай-ақ Үндістанның сарапшылық және академиялық қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Диалог барысында дәстүрлі және жаңартылатын энергетика, жаңа технологиялар, инфрақұрылым, инвестициялар және сыни минералдар мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ жеткізу тізбектерінің орнықтылығына, жаңа энергетикалық және көлік дәліздеріне ерекше назар аударылды.
Азамат Есқараев Қазақстанның дәстүрлі және жаңартылатын энергетика, сондай-ақ сыни минералдар салаларындағы әлеуетін атап өтті.
Су қауіпсіздігі мәселесі
Дипломатиялық диалог барысында Қазақстан тарапы жаһандық су қауіпсіздігі мәселесіне де назар аударды.
Азамат Есқараев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына тоқталды.
Қазақстан бұл бастаманы су ресурстары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және жаһандық су қауіпсіздігі мәселесіне назар аудару бағытында ұсынып отыр.
Ең оқылған:
- Азия ойындарында Елдос Сметов пен Сарвиноз Миркадирова Қазақстан құрамасының туын алып шығады
- "Қалқаман" метро бекеті қашан ашылады? Алматы әкімдігі жоспарды жариялады
- Денсаулық сақтау министрі қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берді
- Бұршақ жауады, дауыл болады: 12 қыркүйекке ауа райы болжамы
- Астанада бойжеткен 15-қабаттан құлап, бүлдіршіннің үстіне түсті: екеуі де қаза тапты