Братиславада Қазақстан Республикасы күніне арналған іс-шаралар өтті

22 Қазан 2022, 21:30
1370
Бөлісу:
Братиславада Қазақстан Республикасы күніне арналған іс-шаралар өтті

Республика күні қарсаңында Қазақстанның Словакиядағы елшілігі словак іскерлік топтарының қатысуымен «Қазақстандағы реформалар: бизнес және инвестициялық климат» экономикалық презентациясын, сондай-ақ үстел теннисінен мини-турнир және қазақ ою-өрнегінің көрмесін ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Презентацияда ҚР Елшісі Төлежан Барлыбаев словак кәсіпкерлерін қазақстандық реформалардың барысы туралы хабардар етіп, Әділетті Қазақстанды құрудың ауқымды бағдарламасы – саяси жаңғырту, жаңа экономикалық саясат, әлеуметтік сала мен адами капиталды дамыту шетелдік инвесторлар үшін кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Дипломат ел басшылығының бастамасымен қолға алынған кәсіпкерлікті жүйелі қолдау, салықтық жеңілдіктер, бәсекелестікті дамыту және барлығына тең мүмкіндіктер жасау шаралары Қазақстандағы экономикалық өсімге қуатты серпін береді және инвестициялық ахуалды жақсартады деген пікір білдірді.

Словак кәсіпкерлері Астананың реформаларға жүйелі көзқарасын жоғары бағалап, қазақстандықтар конституциялық өзгерістерді қолдау арқылы өз елінің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгері тарихи қадам жасағанын атап өтті. Қазақстанның экономикалық бағдарламасы, бизнес-ортаны және инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары ерекше қызығушылық тудырды. Қазақстанның белсенді сыртқы саяси қызметі де, атап айтқанда жақында Қазақстан астанасында өткен бірқатар ірі халықаралық форумдар мен кездесулердің табысты нәтижелері атап өтілді. Іс-шараға қатысушылар «жаһандық саясаттың дауылды мұхитында Қазақстан тұрақтылық аралы, әлемдік қауымдастық үшін сенімді және болжамды серіктес болып қалуда» деген ортақ пікірге келді.

Сонымен қатар, Республика күніне орай Түркия, АҚШ, Словакия және Қазақстан дипломаттарының қатысуымен үстел теннисінен шағын турнир өтті. Жүлдегерлерге Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесіне орай арнайы дайындалған кубоктар мен медальдар табыс етілді. Сондай-ақ дипломатиялық өкілдік «Қазақ ою-өрнегі» ұлттық қолданбалы өнерінің қолдан тоқылған бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды, оны словак жұртшылығының өкілдері тамашалады.

Өзгелердің жаңалығы