БҚО кәсіпкерлері су тасқынымен күрес кезінде көмек көрсетуде

10 Сәуір 2024, 11:23
391
Бөлісу:
БҚО кәсіпкерлері су тасқынымен күрес кезінде көмек көрсетуде
Фото: Рrimeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Нұрлан Байбазаров пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев кәсіпкерлермен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Рrimeminister.kz сілтеме жасап.

Олар құрылыс, өндірістік және жол-құрылыс компанияларының басшылары, өңірдің ірі кәсіпкерлері.

Бизнес өкілдері кәсіпорындардағы қазіргі ахуал және келтірілген шығындар туралы айтып, су тасқынына қатысты өздерін толғандыратын сұрақтар қойды.

Вице-премьер мемлекет бизнес-қоғамдастыққа қажетті қолдау көрсететінін атап өтіп, жергілікті атқарушы органдармен байланыста болуды сұрады.

Көпшілігіңіздің өндірістік процестер ғана емес, шикізатпен қамтылу, логистика және өткізу мәселелеріне әсер ететін күрделі жағдайға тап болғандарыңызды түсініп отырмыз. Келтірілген шығындар туралы әрбір мәлімдеме жеке қаралады. Бұл бірінші кезекте шағын және орта бизнеске қатысты, — деді Нұрлан Байбазаров.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары ШОБ субъектілері мен жеке кәсіпкерлердің несиелері бойынша төлемдерін кейінге қалдыратынын, айыппұлдар мен өсімпұлдардың өспейтінін айтты.

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев жиналғандарға түсіністік танытқандары үшін алғысын білдірді. Шамамен 50-ге жуық кәсіпорын су тасқынымен күрес кезінде көмек көрсетіп жатыр.

Бизнес өкілдері су тасқынымен күрес, оның екінші толқыны және қалпына келтіру жұмыстары кезінде көмек көрсетуді жалғастыруға дайын екендерін айтты. Қажет кезде қосымша ресурстар, техника беріп, сондай-ақ арнайы қорларға қаражат аударады.

Өзгелердің жаңалығы