20-23 қыркүйек аралығында Ресейден Қазақстанға кірген жолаушылар ағыны 3 есе өсіп, БҚО-ға 8658 Ресей Федерациясының азаматы өткен, деп хабарлайды БҚО-дағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жайлы облыс әкімдігінде Шекара қызметінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен шекара мәселелері бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.
20 қыркүйек күні Ресейде қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіліп, ерікті түрде тұтқынға түскендер, мародерлік жасағандар және әскери қызметтен бас тартқандар 15 жылға дейін сотталатын болды. Ал 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара әскери мобилизация жариялады. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскерге 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеді. 22 қыркүйектен бері Ресей мен Қазақстан шекарасында кептеліс пайда болып, Қазақстанға өткісі келетіндер күрт көбейді.
Шекарада кептеліс бар
Батыс Қазақстан облысының шекара аумағында 6 өткізу пункті жұмыс істейді. Қазір шекара бекеттерінде кептеліс байқалады. Қазақстан жағында тек жүк көліктерінің бірнеше шақырымдық кептелісі бар. Ал Ресей жағында жеңіл автокөліктердің кезегі де жиналып қалған. Бірақ барлық шекара маңындағы өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Қоғамдық тәртіпті сақтауды, патрульдеуді күшейтуді тапсырамын. Сонымен қатар, халық арасында көші-қон заңнамасын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын да жүргізуге тапсырма бердім, - деді БҚО әкімі Ғали Есқалиев.
Шекара маңындағы аудандардың әкімдеріне тұрғындар арасында шекараны заңсыз кесіп өту фактілерін көрсе, күдікті адамдар кездессе кезекші нөмірлерге хабарлау жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу де тапсырылды.
Шетелдікті көші-қон қызметі тіркеуі тиіс
Кеше Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов биыл Қазақстанға жалпы 4,3 млн-ға жуық шетелдік келсе, оның 1,6 миллионы ресейліктер екенін мәлімдеді. Ол ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстанда болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, 90 күннен кейін аяқталатынын еске салды.
Қазақстанға келген шетелдікті қабылдаушы тарап шетелдіктің кіруі туралы көші-қон қызметін хабардар етуге міндетті. Мұны кірген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жасау керек. Хабарламаны онлайн vmp.gov.kz порталы арқылы, тікелей көші-қон қызметіне қағаз түрінде немесе электронды түрде eQonaq.kz жүйесі арқылы беруге болады. Хабарламаны уақытылы бермеу айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа әкеліп соғады, - деп хабарлады БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ресейлік шекарашылар өз азаматтарына жаяу өтуге тыйым салуда
Қазақстан-Ресей шекарасындағы жағдайды өз көзімізбен көрейік деп «Сырым» өткізу бекеті арқылы Ресейге өттім. Қазақстан бекетінен 10 минутта өтсем, ресейлік бекетте 1 сағат 40 минут тұрдым. Кері Қазақстанға кіру үшін кешкі сағат 9-дан таңғы 5-ке дейін кезек күттім.
Қазақтан тарапы шығарда Көлік маркасы мен мемлекеттік нөмірі, салондағы адам саны көрсетілетін тілдей қағазды толтырып алып қалды. Кіргенде адам санын сұрады. Ресейліктерден де ақпарат сұрап жатқан жоқ.
Ал ресейлік шекара қызметі миграциялық карта толтырды. Онда жеке құжат деректері, бару мақсатың мен Ресейде неше күн болатының жайлы ақпараттар көрсетіледі.
Ресейлік тарап азаматтарын жаяу кіруге тыйым салуда. Бекетте 50 шақты жаяу жолаушы жиналып қалған. Олар көліктерге өтініш жасап мінуде. Кейбір жаяу ресейліктер екі шекараның ортасына жетіп қалған, Қазақстанға көлікпен өтулері керек.
Такси мен автобус, қонақүй мен тұрғын үй, азық-түлік бағасы
Бекеттерде такси бағасы шарықтап тұр. «Сырым» бекетінен 53 шақырым жердегі Оралға жету үшін таксилер ресейліктерден 3-5 мың рубль сұрауда. Бұл теңгемен 22500 мың мен 37500 теңге аралығында.
Қазір Орал мен Самара, Тольятти, Саратов, Орынбор қалалары арасында 4 халықаралық автобус бағыты жұмыс істеп тұр. Маршруттарда 44-тен 53 орындық «Yutong» және «Daewoo» маркалы 17 автобус қатынауда. Тасымалдаушы компания – «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС.
Жолаушылар ағынының көбейюі Самара бағытында байқалады. Күн сайын Оралдан тәулігіне 3 рейс және Самарадан 4 рейс келеді. Тольятти мен Саратов қалаларында күн сайын 1 рейстен, Орынборға 30 күнтізбелік күні бар айларда жұп күндері, ал 31 күн бар айларда тақ күндері қатынайды, - деп хабарлады БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Самара, Тольятти және Орынбор бағытындағы билеттердің бағасы өзгермеген. Саратовқа билет бағасы бұрын ол 6 000 теңге болатын, 8 қыркүйектен бастап – 7 550 теңге.
Қонақүйлердің бағасында өзгеріс байқалмайды. Орын тапшы. Ал пәтер жалдау бағасы шарықтап кетті. Мәселен Оралдағы 9-шағынаудандағы 1 бөлмелі пәтер айына 100-120 мың теңгедей болатын. Соңғы күндері сұраныстың күрт артуына сай 200-250 мың теңге сұрап тұрғандар бар.
Азық-түлік бағасында өзгеріс әзірге байқалмайды. Облыс әкімі азық-түлік тапшылығына жол бермеуді және тауарлардың тұрақты болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қажет болған жағдайда мониторинг және жедел шаралар қабылдау үшін жеке штаб құрылады. Сондай-ақ арада делдалдарды болдырмау үшін азық-түлік тауарларына баға белгілеудің делдалдық схемаларын тексеру жөніндегі комиссияда қаралады, - деп хабарлады облыс әкімдігі.
Ресейліктердің көбі Астана мен Алматыға баруды көздеген
Кезекте тұрған біраз ресейлікпен сөйлестім. Басым көпшілігін алаңдатқан мәселе – баспана мен жұмыс табу. «Нақты жоспармен келе жатырмын» деген жауап естімедік. Жұмысы, оқуы ары қарай не болатынын білмейді. Барлығы да «Тек бас сауғалауды ойлап тұрмыз» десті.
Шекарадан өтіп жатқандардың бәрі 35 жасқа дейінгі әскери қызметке міндеттілер. Біз көрген бірнеше жүз адамның ішінде әйелдер саусақпен санарлық.
Өздерінің айтуларынша, көбі Астана мен Алматы сияқты үлкен қалаларға баруды көздеген. Іштерінде Түркия, Грузия сияқты Ресейдің ықпалы аз елдерге өтуді жоспарлағандар бар. Себебі Қазақстанда жүрсе Ресейге кері депортация жасаламыз деп қорқатындарын жасырмады.
Бекеттер адам саны көптігінен қызмет көрсетіп үлгермей жатыр. Шекарашылар мұндай көлік пен адам ағыны тек 22 қыркүйек күні басталғанын айтты.