БҚО-да мүгедектігі бар адамдар үшін 463 әлеуметтік нысан толықтай бейімделген

1 Шілде 2023, 12:35
650
Бөлісу:
БҚО-да мүгедектігі бар адамдар үшін 463 әлеуметтік нысан толықтай бейімделген
Фото: Арман Мухатов - архив

Батыс Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету аясында 587 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі бейімделді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның ішінде 463 объект ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толықтай бейімделген.

Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының жол картасы және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым объект анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 объект сай келуі қажет. Ал биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 9 128 объект бейімделді. Батыс Қазақстан облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1294 объектіні бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 объектінің 587-сінде жергілікті атқарушы органдар тиісті іс-шараларды жүргізді, - деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті (бұдан әрі – Департамент) жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында аталған 587 объектінің 463-ының толық бейімделгені расталды.

Мәселен, өңірде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді:

- мемлекеттік мекемелер – 80 (42 әкімдік, 4 облыстық басқарма, жергілікті атқарушы органдардың 24 бөлімі, 7 мәслихат, 3 сот);

- денсаулық сақтау объектілері – 26 (4 емхана, 9 аурухана, 3 медициналық орталық, 10 дәрігерлік амбулатория);

- білім беру объектілері – 28 (23 мектеп, 2 университет, 3 колледж);

- әлеуметтік инфрақұрылымның өзге де объектілері – 329 (банктердің 12 филиалы, 3 пошта бөлімшесі, 26 мәдениет үйі, 1 әлеуметтік оңалту орталығы, 17 сауда үйі, 3 қонақ үй, 24 дәріхана, автовокзал, стадион, спорт кешені және т.б.).

124 объект ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша 346 бұзушылық анықталды: есту қабілеті бұзылған адамдар үшін – 4; көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – 132; тірек – қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін –107, кресло – арбамен қозғалатын адамдар үшін – 103 объект.

Аталған бұзушылықтар осы жылдың соңына дейін толығымен жойылады, объектілердің меншік иелерімен бейімделу жөніндегі іс-шараларды аяқтау үшін түсіндіру және консультациялық жұмыстар жүргізіледі.

Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін 189 объектіні бейімдеу жоспарлануда.

Бұдан басқа мемлекеттік бақылау шеңберінде Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 19 тексеру жүргізілді, оның ішінде: 1 – нұсқама бойынша жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер және профилактикалық бақылау шеңберінде – 18 тексеру болды, - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 17 ұйғарым берілді, 241,5 мың теңге сомасына 1 әкімшілік айыппұл салынды.

Өзгелердің жаңалығы