Полиция қызметкерлері Шыңғырлау ауданында бірнеше рет мал ұрлады деген күдікпен екі ер адамды ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, олар бірнеше ай ішінде бес ірі қара мен алты жылқыны ұрлаған.
Polisia.kz мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері ұсталғандардың тоғыз ұрлық дерегіне қатысы барын анықтады.
Ұрланған малдың бір бөлігі еркін жайылымда жүрген. Мал иелеріне келтірілген жалпы шығын 5 млн 460 мың теңгені құрады.
Қазір құқық қорғау органдары күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп, ұрланған малды іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Сот күдіктілерді қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.