Астананың екі тұрғыны құрылыс компаниясының қарызына байланысты шектеуге қойылған пәтерлеріне қатысты тыйымды алып тастауға қол жеткізді. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.
2023 жылы Астананың екі тұрғыны нотариалды куәландырылған талап ету құқығын беру шарттары бойынша пәтер сатып алған. Олар кейін құрылыс салушымен тұрғын үйді сатып алу-сату шарттарын жасасуды жоспарлаған. 2024 жылы тұрғын үй пайдалануға берілген.
Сатып алушылар пәтерлерге нақты қоныстанып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оларды күтіп-ұстау шығындарын төлегеніне қарамастан, жылжымайтын мүлік нысандарына құрылыс салушының өз міндеттемелері бойынша атқарушылық іс жүргізу аясында тыйым салынған. Мәселені үйді пайдалануға беру кезінде пәтерлердің нөмірлері өзгертілуі қиындата түскен. Бұл меншік құқығын рәсімдеуге кедергі келтіріп, дауға себеп болған, – деп жазылған сот хабарламасында.
Үлескерлер сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот олардың талаптарын қанағаттандырып, пәтерлерге бөтен адамның қарызына байланысты тыйым салынғанын атап өткен. Сатып алушылар құрылыс салушының кредиторлары алдында жауап бермейді, ал қойылған шектеулер олардың адал сатып алушылар ретіндегі құқықтарын бұзады.
Алайда апелляциялық сатыдағы сот құрылыс салушы тарапынан қабылдау-тапсыру актілеріне қол қойылмағанын және пәтерлер нөмірлерінің сәйкес келмейтінін негізге алып, бірінші сатыдағы сот шешімдерінің күшін жойды. Кассациялық сот апелляциялық сатыдағы сот қаулыларының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімдерін өзгеріссіз қалдырды. Бұл ретте мынадай маңызды мән-жайлар ескерілді: талап қоюшылар даулы пәтерлерді іс жүзінде иеленіп, пайдаланып отыр, сондай-ақ оларды күтіп-ұстау шығындарын көтереді. Тұрғын үйдің сатып алушыларға нақты берілгеніне қатысты дау тараптар арасында болмаған. Ал нысанды пайдалануға беру кезінде пәтерлер нөмірлерінің өзгеруі техникалық сипатқа ие және азаматтардың мүліктік құқықтарын шектеуге негіз бола алмайды, – деді сот өкілдері.