"Бос кабинетке алып келіп, қандай сапаны талап етесіздер". Сарапшы ауыл мен қала білімі жайлы айтты

8 Қараша 2024, 13:39
1518
Бөлісу:
"Бос кабинетке алып келіп, қандай сапаны талап етесіздер". Сарапшы ауыл мен қала білімі жайлы айтты
Фото: Артём Чурсинов - архив

Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев ауыл мен қала оқушылары арасында білім сапасы жайлы айтып, айырмашылыққа не себеп екенін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тірек мектебі деген не?

Жобамыз 2022 жылдан бері іске асырылып келе жатыр. Әрбір ауданға кем дегенде бір тірек мектебіне жағдай жасап беруді алдымызға мақсат еттік. Оның да өзінің арнайы мақсаты бар. Ол үшін тірек мектебінің не екенін түсіну керек. Тірек мектебі дегеніміз – ресурстық жағынан күшейтілген басқа мектептерге өзінің жинаған тәжірибесін трансляциялайтын ресурстық орталық болады. Бұл біріншіден. Екіншіден, маңайында орналасқан 2-3 мектеппен бірге кешен құрып, ресурстарын біріктіріп, бірлесе дамиды, - деді сарапшы.

"Бос кабинетке алып келіп, қандай сапаны талап етесіздер". Сарапшы ауыл мен қала білімі жайлы айтты

Фото: автордан

Білім беру саласын тұрақт

ы дамыту қоры Қазақстан бойынша 200 тірек мектебін құруды мақсат еткен. Яғни бар мектептерге келіп, ресурстық базасын жақсартады, материалдық базасын күшейтіп, ұстаздарды оқытады. Осылайша қарапайым мектепті тірек мектепке айналдырады.

Бұл жұмысты біз 2022 жылы жасауды бастадық. Алғашқы жылы 17 мектеп, кейін 62 мектеп, биыл 56, ал енді келесі жылы барлығын бірге қосқанда 200 мектеп болады. Бұл жерде ұстаздар 1-2 жыл бойы Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқыту курстарынан, біліктілікті арттыру бағдарламасынан, тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ мектептегі бар заттарды мүмкіндігінше жаңартып, сапалы құрал-саймандар беруге тырысамыз. Түптеп келгенде біз құрған ауылдағы тірек мектептер желісі білім сапасын көтеруге тірек болады деген сенім бар, - деп айтты Данияр Тоқтарбаев.

Ол мектептерге жағдай жасамай, олардан сапа талап ету дұрыс емес екенін жеткізді.

Алдымен мектепке жағдай жасап беріп, кейін соған сүйеніп, басқа мектептерді көтеруге болады. Осы кезде ғана нәтиже болады. Бастапқы кезде "мектептерді қайтан аламыз, оны кім жасайды?", "қаражат қайдан аламыз?" деген адамдар болды. Бірақ бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі 135 ауданындағы 135 мектепті қамтып отырмыз, - деп түсіндірді қор жетекшісі.

"Ауылдың 6-7 сынып оқушысының білімі қаланың 4-5 сынып оқушысының білімімен тең"

Тоқтарбаев ауыл мен қала оқушысының біліміндегі алшақтық мәселесіне тоқталды.

Ауыл баласы мен қала баласының арасында білім сапасы орта сыныптарға келгенде 1-2 сыныптарға дейін айырмашылық болады. Яғни 6-7 сыныпта оқып жатқан ауыл баласының білімі кейде қаланың 4-5 сыныбында оқитын баласының білімімен тең болады. Себебі оған жағдай жасалмаған. Бірақ бала арнайы оқу орындарына түскен кезде, мысалы, НЗМ, БИЛ, IQanat-қа түскен кезде 2-3 жылдың ішінде қаладағы құрдасын қуып жетеді. Неге? Өйткені әлі баланың әлеуеті, мүмкіндігі ашылмаған. Оған ауылда жағдай жасалмаған. Сол үшін жақсы жағдайды қаладан іздеп қиналғанша, оған ауылда жағдай жасап берейік, - дейді ол.

Оған қоса Данияр Тоқтарбаев ауылда қаладағыдай түрлі орталықтар, арнайы оқушылар сарайы, шығармашылық орталықтары, қосымша дайындайтын оқытушылар жоқ екенін айтты.

Ауылда баланың талантын ашатын тек бір ғана жер бар. Ол – мектеп. Сол үшін ауылдың мектебін қаланың мектебімен теңестіріп қана қоймай, оны жоғары деңгейге көтеруіміз керек. Өйткені ауылда балалардың 40 пайызы оқып жатыр. Ол дегеніміз – біздің болашағымыздың 40 пайызы. Соны бүгіннен бастап қалыптастыруымыз керек. Қазақстанның әр мектебі осындай болуы керек. Ауылдың ұстаздарымен сөйлескенде олар көбіне қаладағыдай жағдай жасап беруді, интернет қосып, қолына құрал-сайман беруді сұрайды. Олар қаладағы әріптестерінен кем емес екенін айтады. "Ауылда интернетсіз, құрал-саймансыз, бос кабинетке алып келіп, қандай сапаны талап етесіздер" дейтін ұстаздар өте көп. Олар да патриоттар. Ауылда білім сапасы төмен болуының себебі – баланың не болмаса ұстаздың нашар болуынан емес, жағдай жасалмағандықтан , - деп атап өтті қор басшысы.

Өзгелердің жаңалығы