Бөренемен тіреп қойған: Елде тозығы жеткен екі жүзге жуық мектеп бар

9 Маусым 2023, 13:12
1453
Бөлісу:
Бөренемен тіреп қойған: Елде тозығы жеткен екі жүзге жуық мектеп бар
Фото: BAQ.KZ - архив

Елімізде тозығы жеткен екі жүзге жуық мектеп бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мәселені мәжілісмен Нартай Аралбайұлы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен кеңейтілген тақырыптық отырысында көтерді.

Айтуынша, елдегі кейбір компаниялар мектеп салу мәселесіне кіріскен.

Оның анық айғағы бар. Алматы облысы Талғардағы салынған мектепті көрсеңіздер, бітпей тұрып қирап жатқаны әлеуметтік желілерде жарияланды. Сол олигархтарға мынадай шара қолданылды деген ақпаратты көрмедік. Одан кейін олар жекеменшік мектептерді салуға да кірісіп кеткен. Әрине, мұны мектеп жетіспеушілігімен ақтап алатын шығар. Бірақ конкурстық комиссияға қоғам белсенділері және депутаттар мүше болуы керек дегенді қолдаймын. Өйткені аймақтарға барғанда жұмсалған ақшаның әр тиынын (халық – ред.) өзгеден емес, бізден сұрайды. Ал біздің өңірлерге шығуымызға екі аптадай ғана уақыт қалды. Халыққа не бетімізді айтамыз? – деді депутат Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспановқа қарата.

Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасының қолжетімді еместігін атап өтті.

2026 жылға дейін қалаларда, ауылдық елді мекендерде заманауи талапқа сай 800 мыңға жуық оқушыға шақталған мектеп ашылады дедіңіздер. Бірақ тағы бір есептеріңізде 2026 жылы мектеп жетіспеушілігінің саны 1 млн-нан асады делінген. Демек, «Жайлы мектепті» салсақ та, қанша құрылыс салсақ та, үшауысымды, қала берді екі ауысымды мектептер мәселесін шеше алмаймыз ғой?! Қазір елімізде 143 үшауысымды мектеп, 65 апатты жағдайда тұрған мектеп, саманнан салынған 231 мектеп пен тозығы жеткен 177 мектеп бар деп айттыңыздар. Бұл қағаз жүзінде солай. Бірақ мектепті барып көрсеңіздер, біз көзімізбен көрдік. Жартылай қирап жатыр. Батыс Қазақстан облысындағы Атамекен ауылына арнайы бардық. 110 бала оқып жатыр. Бір жағын бөренелермен тіреп қойған. Қашан құлап қалатынын Құдай біледі. Ата-аналардың қалай жанұшырып жүргенін көрсеңіздер. Аталған мектептердің мәселесі қашан шешіледі? «Жайлы мектеп» деген кішкентай ауылдарға жетпейді, - деді Нартай Аралбайұлы.

Өз кезегінде вице-министр мәселеден хабарымыз бар деп отыр.

Батыстағы Атамекен ауылындағы сіз айтқан мектептің жайын білеміз. Облыстан тиісті жобалау-сметалау құжаттамасын ұсынған жағдайда біз міндетті түрде бұл мектепті қолға алып, білім беруді қолдау қоры арқасында мәселелерді шешеміз, - деді Еділ Оспанов.

Өзгелердің жаңалығы