Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Бонусқа — тегін дәретхана мен лифт": Жұмыс беруші жарнамасы желіде дау туғызды

15 Мамыр 2025, 20:42
370
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қытайдағы бір компанияның жұмысқа қабылдау туралы жарнамасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі SCMP-ға сілтеме жасап.

Бұл жарнама Workplace Slackers ("Жұмыс орнындағы жалқаулар") деп аталатын, 4,4 миллионға жуық жазылушысы бар әлеуметтік желідегі аккаунт арқылы белгілі болды. Жұмыс ұсынушы компания жарнамада "дәретхана мен лифтілерді тегін пайдалану" және "қосымша жұмыс уақыты үшін электр қуатына ақы алынбайды" деген артықшылық та ұсынылған.

Жазбада компанияның аты мен нақты лауазымы көрсетілмесе де, жұмыс туралы кейбір негізгі ақпарат берілген. Жұмыс негізінен тапсырыстарды өңдеумен байланысты болған. Үміткерлерден мұқият болу, тәжірибенің болуы және Excel бағдарламасын жақсы меңгеру талап етілген. Жұмыс уақыты — 8 сағат. Ерте ауысым — таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін, кешкі ауысым — түскі 1-ден түнгі 10-ға дейін, әр ауысымда 1 сағаттық үзіліс қарастырылған.

Сынақ мерзіміндегі айлық жалақы 4000 юань (шамамен 550 АҚШ доллары), айына 4 демалыс күні және ұлттық мейрамдарда жалақы екі есе төленеді.

Алайда қоғамда ең көп сынға ұшырағаны, жұмыс беруші ұсынған "жеңілдіктер" болды. Компания сондай-ақ тимбилдинг шараларын, түстен кейінгі шай ішу мен түнгі жеңіл тағамдарды да артықшылықтар қатарына жатқызған.

Бір жылдан кейін қызметкердің айлық жалақысына 100 юань (шамамен 14 АҚШ доллары) қосылатыны да айтылған.

Мұндай “жеңілдіктер” жұмыс орнында қалыпты нәрсе емес пе? Бұларды қалай артықшылық деп көрсетуге болады? — деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Бұл компания өзін Құдай не құтқарушы деп ойлай ма? — деп жазған келесі оқырман.

Жұмысқа арналған басқа қосымшаларды қарап көріңіз, мұндай оғаш компаниялар толып жатыр, — дейді тағы бірі.

Осындай сын-ескертпелер Қытайдың бәсекеге қабілетті еңбек нарығы аясында туындап отыр. Мұнда жұмысшылар ұзақ жұмыс уақыты, төмен жалақы, нашар еңбек жағдайлары және тұрақты жұмыстың жоқтығы сияқты көптеген қиындықтарға тап болады.

Кейбір салаларда қызметкерлер "996" деп аталатын жүйемен жұмыс істейді: яғни, таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін, аптасына 6 күн.

Сонымен қатар, адамдар жасына байланысты дискриминацияға ұшырайды. 35 жастан асқаннан кейін жұмыс табу қиынға соғады. Кейбір жұмыс берушілер заң бойынша міндетті зейнетақы, медициналық және жұмыссыздық сақтандыруына жарна төлеуден жалтарады.

Жас мамандар үшін жағдай одан да қиын. Биыл Қытайда 12 миллионнан астам жаңа түлек еңбек нарығына шығуы тиіс, бірақ бос жұмыс орындарының саны аз, бұл жағдайды одан сайын қиындатады.

Қытайдың Еңбек туралы келісімшарт заңы бойынша қызметкерлер күніне 8 сағаттан артық, аптасына 44 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс.

Өзгелердің жаңалығы