Болливуд әншілері мен дәстүрлі медицина: Астанада Йога күні ерекше форматта өтпек

Іс-шара аясында Қазақстанның төрт қаласында әлемге танымал үнді музыканттарының қатысуымен халықаралық музыка фестивалі ұйымдастырылады

Бүгiн 2026, 16:44
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев Бүгiн 2026, 16:44
Бүгiн 2026, 16:44
104
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Астанадағы Үндістан Елшілігі мен Свами Вивекананда атындағы мәдени орталық (SVCC) Қазақстанда 2026 жылғы Халықаралық йога күнін кең көлемде атап өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биылғы іс-шараның жаһандық тақырыбы – «Йога – салауатты ұзақ өмір сүрудің кепілі».

Халықаралық йога күніне арналған басты іс-шара 21 маусым күні сағат 08:00-де елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық миссиялардың, білім және денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, спортшылар, йога қауымдастықтары мен қала тұрғындары қатысады.

Йога күні тек Астанамен шектелмейді. Елшілік мәліметінше, мерекелік іс-шаралар Қазақстанның жиырмадан астам қаласында жергілікті әкімдіктердің, білім беру ұйымдарының және сауықтыру орталықтарының қолдауымен ұйымдастырылады.

Үндістан Елшілігі Қазақстанда йогаға қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы қаңтарда жарияланған сұхбатында йоганың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналғанын айтқаны еске салынды.

Сондай-ақ биылғы Халықаралық йога күні аясында аюрведа мен дәстүрлі медицина саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылады. Бұл бағыттағы жұмыс 2025 жылы Үндістан мен Қазақстан арасында дәстүрлі медицина саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін күшейе түскен.

Мерекелік бағдарлама аясында Қазақстанда алғаш рет Лакшминараяна жаһандық музыка фестивалі (LGMF) өтеді. Фестиваль Үндістан Елшілігі мен Свами Вивекананда атындағы мәдени орталықтың бастамасымен, қазақстандық маэстро Абзал Мұхитдиннің қатысуымен ұйымдастырылады.

Фестивальге әлемге танымал үнді скрипкашысы, Падма Вибхушан орденінің иегері доктор Л. Субраманиам, Болливуд әншісі әрі Падма Шри орденінің иегері доктор Кавита Кришнамурти Субраманиам, сондай-ақ Бинду Субраманиам, Амби Субраманиам және Махати Субраманиам қатысады.

Концерттер келесі қалаларда өтеді:

  • Ақтөбе – 16 маусым, сағат 19:00, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония;
  • Қостанай – 18 маусым, сағат 18:30, Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония;
  • Көкшетау – 20 маусым, сағат 19:00, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармония;
  • Астана – 21 маусым, сағат 19:00, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония.

Фестиваль барысында үнді классикалық музыкасы, оркестрлік шығармалар және жаһандық фьюжн бағытындағы туындылар орындалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шаралар Үндістан мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайтып, халықтар арасындағы өзара түсіністікті арттыруға ықпал етеді.

Наверх